Полиция алаяқтықтың жаңа түрі туралы айтты

Sputnik
АСТАНА, 5 қараша – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер алаяқтықтың жаңа түрі шыққанын ескертіп, азаматтардан күдікті сілтемелер арқылы өтпеуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Петропавл тұрғындары мессенджерде айыппұл бар екені туралы хабарлама және белгілі бір жеке кабинетке жолдайтын сілтеме скриншоттарын таратып жатыр. Облыстың криминалдық полиция қызметкерлері осы сілтемеге қатысты түсініктеме берді.
"Айыппұлдың бар-жоғын ресми арналар арқылы, яғни, электронды үкіметтің бірыңғай байланыс орталығына (1414) қоңырау шалу немесе полицияға хабарласу арқылы білу керек. Ешқашан күдікті сілтемелерге өтпеу керек: құрылғыңызға қауіпті вирус енуі мүмкін. Сол арқылы алаяқтар сіздің жеке деректеріңіз бен банктегі шот мәліметтерін ала алады", - деді криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел өкілі Виталий Подчернин.
Солтүстік Қазақстан облысында полицияға "айыппұл" туралы хабарламамен байланысты арыз әзірге түспеген. Дегенмен бірыңғай байланыс орталығындағылар қазақстандықтардың күдікті сілтемелер туралы сұрастырып жатқанын растады.
Полиция әртүрлі акциялар, ұтыс ойындары және кейде мессенджерлерде және әлеуметтік желілерде адамдарға түсетін басқа да "тартымды" ұсыныстар туралы хабарламалар мен сілтемелерді баспау керектігін атап өтті. Полиция кез келген ақпаратты ресми ресурстарда қайталап тексеруді ұсынады.