АСТАНА, 5 қараша – Sputnik. Петропавл тұрғындарына қаладағы жылу электр орталығынан демалыс күндері қатты гуіл естіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Еске салсақ, қазанның 17-сіне қараған түні ұшақтың немесе зымыранның гүріліне ұқсас қатты гуіл қала тұрғындарын шошытқан болатын. Петропавлдықтар әлеуметтік желілерде өз ойын бөлісіп, біреулер өтіп бара жатқан пойыз, біреулер әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі, ал біреулер өзге ғаламшарықтар келді деп пайымдады. Гуілдің себебін таңертең "Севказэнерго" АҚ баспасөз қызметі түсіндірді. Жөндеуден шығарылған 4 станциялық қазандық агрегатының бу қыздыру құрылғысын жоспарлы желдету жұмыстары жүргізілгені белгілі болды.
Жұма күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Севказэнерго" АҚ бас директоры Олег Перфилов алдағы екі күнде ЖЭО-2-де қайтадан гуіл болатынын ескертті.
"Қазір бізде алты қазандық жұмыс істеп тұр, біреуі резервте. Петропавл тұрғындарына алдағы екі күнде шу естісе, сыртқа шығып, өзге ғаламшарлықтарды іздеудің қажеті жоқ екенін ескерткім келеді. Бұл жетінші қазандықты желдету жұмыстары жүргізіліп жатқанының белгісі", - деді Перфилов.
Жұма күні кешке "Севказэнерго" АҚ баспасөз қызметі 5 және 6 қарашада сағат 17.00-ден 6.00-ге дейін қысқа мерзімді гуіл болуы мүмкін екенін түсіндірді.
"Бұл Петропавл ЖЭО-2-де 7 қазандық агрегатында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бу қыздырғыштың құбырларын желдету жұмыстары жоспарлануымен байланысты болып отыр. Арнайы қондырғылар арқылы жоғары қысыммен атмосфераға шығарылатын өнеркәсіптік бу қатты дыбыс тудырады. Барлық іс-шара станция мамандарының қатаң бақылауымен жүзеге асырылады", - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
"Севказэнерго" АҚ бас директоры 15 қарашаға қарай тағы екі қазандық агрегатында және 1 желтоқсанда соңғы агрегатта жөндеу жұмыстары аяқталатынын хабарлады.
"Осыдан кейін жаңа мұржаның құрылысын қоспағанда, жабдықтау және жол картасын жүзеге асыру мәселесі жабылады", - деп түйіндеді Олег Перфилов.
Осылайша, биылғы жылыту маусымында станцияда қолданыстағы 12 қазандықтың 11-і жұмыс істейді, бір қазандық қайта жөндеуден өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, минус 25 градус ауа температурасы кезінде қаланы жылытуға тоғыз қазандық, минус 30-ға дейін - 10 қазандық жеткілікті. Яғни, қалыпты қыста екі қазандық резервте болады, ал қатты аязда бір қазандық әлі де резервте болады.
Осы жылдың наурыз айында ЖЭО-2 құбыры опырылған соң Петропавл тұрғындары биылғы жылыту маусымына алаңдаулы болды. Әзірше жылыту маусымы жоспарлы түрде өтіп жатыр, қала тұрғындарының пәтеріндегі ауа температурасы қолайлы, жылу беруде үзіліс жоқ.