АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. Түркістан облысының тұрғыны Қызыл кітапқа енген тау арқарын сойып алғаны анықталды.
Экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ер адамнан арқар етін тапты, деп хабарлады Otyrar.kz.
Тәртіп сақшылары сезікті жас жігіттен жауап алу барысында ол қаптағы арқардың еті екенін мойындады. Және оны ұстаған кезін ұялы телефонына түсіріп алғанын айтқан. Белгілі болғандай, мал бағып жүрген азамат иттерімен бірге арқарды ұстап, бірден сойып алыпты.
"Нақтырақ айтсақ, Бәйдібек ауданы Табиғатты қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Алмас Серіков күнделікті жұмысын атқару кезінде таулы аймақта атты ер адамды байқап, оны тоқтатып не мақсатпен жүргенін сұрастырады. Осы кезде қап ішінен белгісіз аңның жаңа сойылған еті табылып, тәркіленіп алынды", - дейді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі бөлімінің инспекторы Мансұр Аманбай.
Бүгін күні сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.