Вашингтон Украинадағы америкалық қару-жарақтың заңсыз саудасын жоққа шығарып отыр. Бірақ Украина Қарулы күштеріне арналған әскери жүктің үштен бір бөлігі ғана межелі жерге жетіп жатыр. Бұл Киев режиміне АҚШ-тың әскери көмегін қысқарту үшін де, НАТО мен Ресей арасындағы тікелей қақтығысты күшейту үшін де қолайлы сылтау, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.
Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы америкалық және батыс еуропалық әскери-өнеркәсіптік кешеннің қуаты туралы қауесет асыра сілтеу екенін, қару-жарақ өндірісінде НАТО елдеріне Ресеймен бәсекелесу әлі де күрделі екенін дәлелдеді.
Әскери іс-қимылдың сегіз айында ресейлік әскер Украина Қарулы күштеріне тиесілі 6 270 танк пен басқа да броньдалған соғыс машинасын, 3 544 артиллериялық қондырғы мен минометті, 2 414 пилотсыз ұшу аппаратын, 881 жаппай оқ атуға арналған реактивті жүйесін, 497 ұшақ пен тікұшақты, 384 зениттік зымыран кешенін және тағы басқа көптеген қару-жарақты жойды.
"Ресей қорғаныс министрлігінің статистикасы Украина өз қару-жарақ арсеналынан үш рет (24 ақпандағы жағдай бойынша) айырылғанын, яғни НАТО-ның арсеналын айтарлықтай азайтқанын көрсетеді. Алайда, бүгінде Вашингтон мен Брюссельді Ресей Қарулы күштерінің қуаты ғана алаңдатып отырған жоқ. Батыстың Украина арқылы транзитпен өтетін миллиардтаған доллар тұратын әскери көмегінің едәуір бөлігі қару-жарақтың халықаралық "заңсыз нарығына" кетіп, бір күні Солтүстік Атлантикалық альянс елдерінде пайда болуы мүмкін", - деп жазды Хроленко.
Вашингтон Украинадағы америкалық қарудың қайта сатылып жатқанын ресми түрде жоққа шығарды. Newsweek басылымының хабарлауынша, Украинаға жіберілген АҚШ әскери жүгінің тек үштен бір бөлігі ғана межелі жерге жеткен.
Анығында Пентагон әскери көмектің қайда кетіп жатқанын бақылай алмайды. АҚШ ревизорлары Украина Қарулы күштеріне жолданған "қауіпті қарудың" 10%-ін ғана анықтай алды. Бұл ең алдымен Stinger және Javelin кешендері боылп отыр.
Әскери сарапшының пікірінше, соғыс бәрін жоққа шығарып тастамайды. Ауғанстандық тәлібтер америкалық Black Hawk тікұшақтарын басқарып жатқанын, ал Ирактағы ислам содырларының ондаған басып алған Abrams танктерін жүргізіп отырғанын бүкіл әлем көрді. Пентагон Украинадағы әскери іс-қимыл театрының дрондары мен зымырандары одақтас елдерге және тікелей АҚШ аумағына қауіп төндіретінін түсінеді.
Украинаға әскери көмекті бақылайтын Киль әлемдік экономика институтының мәліметі бойынша, ақпан айының соңынан бері АҚШ 23 миллиард доллардан астам, Ұлыбритания – 3,7 миллиард, Германия – 1,4 миллиард және Польша 1,8 миллиард доллар бөлген. АҚШ Конгресі Киев режиміне әскери жеткізілімдерді бақылаудың жаңа жүйесін құруды талап етті. Осылайша, қараша айынан бастап АҚШ әскери қызметкерлері украин арсеналдарының бақылаушысы ретінде әрекет етіп жатыр. Бірақ, олар Украина Қарулы күштері қатарындағы басқа шетелдік сарбаздармен бірге кез келген уақытта Ресейдің әуе және артиллериялық соққылары арқылы жойылуы мүмкін.
АҚШ инспекторлары майдан шебіне жақындамағанмен, Украина картасында қауіпсіз аумақ жоқ. Пентагон шығындарының өсуіне байланысты туындаған қару-жарақ жеткізіліміне америкалық бақылаудың жаңа форматы Ресей мен НАТО арасындағы тікелей әскери қақтығысты тудыруы мүмкін. Себебі, Тонкин шығанағында екі америкалық эсминецті атқылаудан кейін АҚШ-тың Вьетнамдағы соғысы басталды.
"Вашингтон оқиғалардың осылай өрбуін және Украина аумағынан тыс қақтығыстың өршуін ескермей отырған жоқ. Айта кетейік, Румыния, Польша және Балтық жағалауы елдерінде АҚШ-тың он мыңдаған әскери қызметкерінің жиналуы тектен-тек емес. АҚШ президенті Рональд Рейганның бұрынғы кеңесшісі Пол Крейг Робертстің "Вашингтон басқа елдің туын жамылып жасаған шабуылдардың санын ескере отырып, Украинада АҚШ-ты Ресейге қарсы соғысқа тартатын тағы бір шабуылды күтуіміз керек пе?" деген сауал қоюының да себебі бар", - дейді Хроленко.
Екінші жағынан, 8 қарашада өтетін АҚШ Конгресінің аралық сайлауынан кейін Киев режиміне әскери көмектің ауқымды "пакетін" жолдауда қиындықтар туындауы мүмкін. Америкалық Катон институтының аға ғылыми қызметкері Гален Карпентер "Украинаның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау үшін АҚШ-тың ядролық қаруы бар Ресеймен соғысуы қаншалықты қажет?" деген пікір білдірді.
Кеше Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу былай деп мәлімдеді: "Ұжымдық Батыстың теріс әрекеттерінің басты мақсаты Ресей, оның экономикасын, әскери әлеуетін жою, оны тәуелсіз сыртқы саясат жүргізу мүмкіндігінен айыру екені сөзсіз".
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы.