АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. Өткен түнде "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға қарасты Ленин атындағы шахтада газ дренаждық ұңғымаларды бұрғылау кезінде метан жарылды. Соның салдарынан бес кенші қаза тауып, тағы төртеуі түрлі жарақат алды. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің жағдайы қазір тұрақты.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин апат орнында қайғылы оқиғаны тергеу жөніндегі комиссияны басқарды. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев шахтадағы жарылыс себептерін анықтағаннан кейін сенат еңбекті қорғау заңнамасын бақылауға алады деп сендірді. Оның айтуынша, әлі де кеншілер қаза тауып жатуы 30 жылдан бері қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласында жүргізілген шаралар жеткіліксіз екенін көрсетеді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов қаза болғандардың отбасына көңіл айта отырып, жазда ғана компания басшылығынан еңбек қауіпсіздігі саласындағы мәселелермен айналысуды сұрағанын атап өтті. Кеше түнде өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті "АрселорМиттал Теміртау" 25 жыл бойы шахталарына газсыздандыру жұмыстарын жүргізбегенін хабарлады.
"Басты желдеткіштердің көбісінің жағдайы мүшкіл, олар қазірдің өзінде 14 жылдық норматив бойынша 3 қызмет мерзімін атқарған. 1970-1980 жылдардағы желдеткіштер әлі қолданылып жатыр", - деп жазылған төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.
Биыл жазда мәжіліс отырысында депутат Ерлан Сайыров "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-дағы жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттар тақырыбына тоқталды. Ол 10 маусымда кәсіпорынның цехында болған қайғылы оқиғадан төрт адамның қаза тапқанын еске салды. Депутат соңғы 10 жылда кәсіпорында болған оқиғалар мен зардап шеккендердің статистикасын келтірді.
Кәсіпорындағы апаттар хронологиясы
Министрліктің "АрселорМиттал Теміртау" әкімшілігіне сілтеме жасаған мәліметі бойынша, 2011-2021 жылдары кәсіпорын шахталарында 21 апат тіркеліп, оның салдарынан 42 адам зардап шекті: 18 адам жеңіл, 7 адам ауыр жарақат алған және 17 адам қайтыс болды. 2022 жылы өліммен аяқталған екі апатты есепке алатын болсақ, "АрселорМиттал" АҚ нысандарында 2011-2022 жылдары 26 кенші қаза тапты. Тағы 6 адам шахта сыртында жұмыс істеп жүрген кезде қаза тапты.
Sputnik Қазақстан редакциясы соңғы 11 жылда болған қайғылы оқиғалардың хронологиясын ұсынады.
Осы жылдың 16 маусымында монтаждау жұмыстары кезінде "АрселорМиттал Теміртау" ЖЭО-ның 36 жастағы жұмысшысы биіктіктен құлап, көз жұмды.
Бұған дейін 10 маусымда жұмыс істемейтін термиялық пеште отқа төзімді тасты бөлшектеу кезінде жұмысшылар қайтыс болды. Оқиға салдарынан төрт адам көз жұмды, біреуі ауруханаға жеткізілді.
Көктемде 2 сәуірде Костенко атындағы шахтада жазатайым оқиға болып, соның салдарынан мердігер мекеменің 1986 жылы туған қызметкері қайтыс болды.
1 ақпанда агломерациялық фабрикада кен тұрақтандыру учаскесінің 46 жастағы бригадирі көз жұмды. Марқұмның әріптестерінің айтуынша, оны жұмыс істеп тұрған конвейер тартып әкеткен. Зауыт жұмысшыларының айтуынша, қайғылы оқиға түнгі ауысымда болған.
Осы жылдың басында 12 қаңтарда "Шахтинская" шахтасында 46 жастағы кенші жарақат алып, қайтыс болды. Бұрын хабарланғандай, ол металл тіректерді тиеу жұмыстарын орындау кезінде жарақат алған. Оқиғадан кейін бірден оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, ол бассүйек-ми жарақатын алған.
Тағы бір ірі апат 2021 жылдың 7 қарашасында болды. Желдету штрекінің кенжарында метан жарылды. Оқиға салдарынан сегіз жұмысшының алтауы қаза тауып, екеуі жарақат алды.
2021 жылдың 26 мамырында компанияның металлургия комбинатында екі жұмысшы қатты күйік шалып, ауруханаға түсті. Конвертер цехының миксерлеу бөлімінде кранды көтеру кезінде олардың үстіне темір шөміш құлаған. Жұмысшылар ыстық шойыннан күйік жарақатын алған.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының шахтасында 2021 жылдың 13 қаңтарында газ бен көмірдің бөлінуі салдарынан 137 жұмысшының 136-сы жер бетіне шығарылды. Құтқарушылар жоғалған бір адамды іздестіріп, ол ақыры өлі күйінде табылды.
2018 жылдың 9 сәуірінде МНЛЗ-2 конвертер цехында жазатайым оқиға тіркеліп, соның салдарынан кәсіпорынның 1973 жылы туған қызметкері қайтыс болды.
2017 жылғы 12 қазанда газ құбырында жұмыс жүргізу кезінде газ тұтанып, соның салдарынан алты адам зардап шекті: газ цехының төрт жұмысшысы, кокс цехының бір жұмысшысы және газдан құтқару қызметінің бір жұмысшысы.
2017 жылдың 31 тамызында таңертең үш адам өлі күйде табылды. "Казахстанская" шахтасында таңғы сағат 04:00 шамасында кенеттен метан бөлінген. Шахта ішінде 136 адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша апат орнында төрт адам қалған.
Қарағандыдағы Саранск шахтасында үш адам қаза тауып, бес адам жарақат алды. 2016 жылдың 10 қарашасында шахтада адамдар мінген көлік жүрген аспалы жол опырылған.
2013 жылдың 22 ақпанында Маңғыстау облысындағы "АрселорМиттал Ақтау" құбыр зауытында жарылыс болды. Бір қабатты ғимаратта болған жарылыс салдарынан үш адам зардап шекті. Олардың біреуі кейін қайтыс болды. Өрт аумағы 15 шаршы метрді құрады.
2012 жылдың 15 мамырында цехтардың бірінде өрт шығып, үш адам қаза тапты. Өртті сөндіру кезінде 40 жастағы аға өрт сөндіруші, сондай-ақ денесі кейінірек табылған 45 жастағы кран машинисі қайтыс болды. Кейіннен "АрселорМиттал Теміртау" АҚ цехындағы өртті сөндіруге қатысқан екінші өрт сөндіруші қаза тапты.
2011 жылдың 8 қыркүйегінде 38 жастағы кеншіні газ дренаждау штрекінің бойымен жүру кезінде үзілген арба басып қалған. Соның салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Еске салсақ, "АрселорМиттал" компаниясы металлургия және тау-кен кешенін 1995 жылы сатып алған. Кешен сегіз көмір шахтасы және толық өндірістік циклді қамтамасыз ететін ең ірі кешенді болат құю зауытының бірінен тұрады.