АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. 22 қарашадан бастап Air Astana Алматыдан Қытай астанасы Бейжіңге тұрақты рейстерді қалпына келтіреді. Ұшулар Airbus A321 LR лайнерімен аптасына бір рет сейсенбі күндері орындалады, деп хабарлады әуе компаниясының баспасөз қызметі.
"KС 267 рейсі Алматыдан 01.35-те ұшып, Бейжіңге 08.30-да жетеді. KС 268 рейсі Бейжіңнен сағат 11.30-да ұшып, Алматыға жергілікті уақытпен 14.45-те келеді", - делінген хабарламада.
Бейжіңге саяхаттайтын жолаушылар қалаға келгеннен кейін 10 күндік карантиннен өтуі керек. Қытайға сапар шегетін барлық жолаушылар, соның ішінде транзиттік жолаушылар ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігінде немесе Алматыдағы ҚХР Бас консулдығында денсаулық кодын алуы қажет.
Ол үшін екі бөлек зертханададан ұшуға 24 және 48 сағат бұрын короновирус жоқтығын растайтын анықтамаларды тапсыру қажет. Уақыт санағы биоматериал алынған сәттен басталады. Денсаулық кодын алуға қойылатын талаптардың толық тізімі almaty.china-consulate сайтында қолжетімді.
Air Astana Бейжіңге рейстерді 2002 жылы іске қосқан. COVID-19 пандемиясына байланысты 2020 жылдың наурыз айында рейстерді тоқтатты. 2002-2020 жылдар аралығында бұл бағыт бойынша 1 миллион 100 мыңнан астам жолаушы тасымалданған.