АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен қолға алынған "Балаға лайық" акциясының нәтижесінде еліміздегі мектептерде әжетханалар мен асханалардың жағдайы айтарлықтай жақсартылды.
Заңбұзушылық анықталған 100-ден астам мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктер жойылды.
"Балаға лайық" акциясына осы мәселеге бей-жай қарамайтын еліміздің барлық азаматы қатысып жатыр. Бұл, ең алдымен, оқушылардың өздері, олардың ата-аналары және басқа да қоғам өкілдері. Акция кезінде мектептердің әжетханалары мен асханаларының қанағаттанарлықсыз жай-күйі туралы барлығы 1 000-нан астам арыз-шағым түсті", - деді оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Мысалы, Павлодар қаласындағы №5 орта мектептің әжетханасындағы кабиналар ата-аналардың министрлік өкілдеріне берген өтінішінен кейін талапқа сай жасалды.
Солтүстік Қазақстан облысы Арықбалық ауылының мектебінде су құбырлары ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Орал инновациялық лицейінде асханаға дезинфекция жүргізіліп, оқушыларды тамақтандыру сапасы жақсартылды.
Өтініштерде негізінен жуынатын бөлмелердегі гигиеналық құралдардың жоқтығы, қалқалардың болмауы, сондай-ақ жылы әжетханаларды пайдаланбауға қатысты мәселелер көтерілген. Өтініштердің арасында асханалар бойынша дәмсіз немесе салқын тағамдар туралы ақпарат болды.
Еске салсақ, "Балаға лайық" акциясы "Мектептің жақсаруына көмектес!" ұранымен өтіп жатыр. Акция осы жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.
Мектеп әжетханалары мен асханаларындағы кемшіліктер туралы ақпаратты What’s App-тағы 8 700 699 04 46 нөмірі арқылы жіберуге болады. Сондай-ақ мектептерге әлеуметтік желілерге сілтемелері бар QR-код қосымша жіберілді.