Түркістан облысында 210 миллион түп ағаш отырғызылады

Sputnik
АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Алдағы жылдары Түркістан айналасындағы жасыл белдеу 30 мың гектарға дейін кеңейтіледі, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"Президенттің бес жыл ішінде 2 миллиард ағаш отырғызу туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында 132 мың гектар жерге 210 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарлануда", - деп атап өтті әкімдіктегілер.
Бүгінгі таңда 13,6 мың гектар жерге ағаш отырғызылды.
"Солған желектің орнына жаңа ағаштарды отырғызу мақсатында орман қорын толықтыру жұмыстарын жүргізу маңызды. Ғылыми-зерттеу институтының қорытындысы бойынша екпе ағаштардың тұрақтылығы 55 процентті құрайтыны дәлелденді", - дейді мамандар.
Сондай-ақ олар бір гектар орман жылына 18 миллион текше метр ауаны тазартып, бір сағатта 8 килограмм көмірқышқыл газын сіңіретінін анықтаған. Бұл сағатына 200 адам бөлетін көмірқышқыл газының мөлшеріне тең.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Түркістандағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қаладағы саябақтар мен аллеялардың аумағы 495 гектарға дейін ұлғайтылғанын хабарлады.
Мамандардың айтуынша, қаладағы ауаның ластануы 65%-ке азайған. Сондай-ақ облыстың орман шаруашылығы мекемелерінде 30 миллионнан астам түрлі ағаш тұқымдарының көшеті өсіріледі. Алдағы уақытта олардың санын 60 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.