Талдықорғаннан Мақаншыға барған ер адам танысын мылтықпен атты

Sputnik
АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Жетісу облысындағы Мақаншы ауылына Талдықорғаннан келген ер адам үй иесін мылтықпен атты. Полиция денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
2 қарашада Мақаншы ауылынан 45 жастағы ер адам оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер бірден полицияға хабар берген. Тергеу кезінде жәбірленуші Талдықорған қаласынан келген жақын танысы мылтықпен атқанын айтқан.
Екі дос аң аулауға шығуды жоспарлаған. Бірақ мас кезінде сөзге келіп қалып, артынан жанжал басталған. Сол кезде ауылға келген қонақ аңшы мылтығымен үй иесінің аяғынан атқан.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 106-бабы (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдіктіге тіркелген 12 калибрлі ИЖ мылтығы тәркіленді. Ал өзі тергеу кезінде полицияға келіп тұруға міндеттелді.
Айта кетері, бұл қылмыс үшін үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.