АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Иран Қазақстанға терминал құрылысы үшін Бандар-Аббас портынан жер телімін беруге дайын. Қазақстандық бизнесмендер жер телімін қарап шыққаннан кейін терминал салуға қызығушылық танытты, деп хабарлайды сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Парсы шығанағы жағалауында орналасқан Бандар-Аббас порты – қуаттылығы жылына 135 миллион тоннаны құрайтын аймақтағы ең ірі ауыстырып тиеу хабтарының бірі. Мұнда теміржол, автомобиль, теңіз көліктерінен ауыстырып тиеу жұмыстары жүргізіледі. Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация портты көріп қайтты.
"Негізгі ауыстырып тиеу қондырғылары мен порттың қойма терминалын аралап, тексергеннен кейін қазақстандық бизнес өкілдері парсы шығанағы жағалауында өздерінің жүк тиеу қуатын ұйымдастыруға қызығушылық танытты", - деп жазылған хабарламада.
Иран тарапы Бандар-Аббас портында құрғақ терминал салу үшін 15 гектар жерді резервке алуға келісті. Бұл мәселені зерделеу үшін Бандар-Аббас портының әкімшілігі мен қазақстандық бизнес өкілдері бірлескен жұмыс тобын құрды. Жұмыс тобына қатысушылар қазақстандық астықты ауыстырып тиеу көлемін ұлғайтуға арналған сүрлем мұнарасын салу мүмкіндіктерін қарастырады.