Елорда тынысы

Астанада пәтер жөндеген жұмысшы үй иесін скотчпен байлап, тонап кетті

Sputnik
АЛМАТЫ, 3 қараша – Sputnik. Елорданың 19 жастағы тұрғынын жалдамалы құрылысшы скочпен байлап, тонап кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
19 жастағы астаналық полицияға жүгінген. Жәбірленушінің айтуынша, ол пәтерін жөндеу үшін құрылысшы жалдаған. Алайда жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін тапсырыс беруші құрылысшыға ақысын бермеген.
Төлемін ала алмаған жұмысшы жігітті қорқытып, оны скотчпен байлап, IРhone 12 Pro Max ұялы телефонын және банк картасын алып кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 41 жастағы күдіктіні ұстады. Ол ұрланған телефонды ломбардқа өткізіп үлгерген. Тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұсталған адам бұрын елорда аумағында ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.