Бүгіннен бастап рақымшылық туралы заң күшіне енді - тәртібі қандай

Sputnik
АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев рақымшылық жасау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Рақымшылық туралы заң бүгіннен бастап күшіне енді. Оны сотта да, тергеу сатысында да қолданады.
"Рақымшылықтың нақты мерзімі жоқ. Себебі бірқатар іс әлі тергеліп жатыр. Тәртіпке сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша тергеу аяқталып, сотқа жіберіледі. Сот оны қарап, үкім шығарады. Содан кейін рақымшылық туралы шара қолданылады. Ал сот үкімі шыққан болса, мекеме әкімшілігі немесе сотталған адамның өзі рақымшылықты қолдану туралы өтініш жазады. Оны бір айдың ішінде қарауға тиіс", - деді Шындалиев сенатта өткен брифингте.
Оның айтуынша, ауырлығы орташа және төмен қылмыстарға қатысты рақымшылық тергеу кезінде қолдана береді.
Айта кетері, рақымшылық аясында ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады.
Ал ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, аса ауыр қылмыстар үшін жазаның жартысы қысқарады.