АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Ақтауда Ресейдің Бас консулдығын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин.
"Айта кететін жайт, мұндай мәселелер тез арада шешілмейді, өйткені олар белгілі бір дипломатиялық, құқықтық және әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруды талап етеді. Қазіргі уақытта мемлекетішілік және мемлекетаралық келісімнің негізгі кезеңдері өтті. Болашақта Каспий теңізінің маңызды порттарының бірінде жаңа консулдық кеңсесі есігін айқара ашады деп үміттеніп отырмыз", - деді елші.
Дипломаттың пікірінше, Каспий өңірі Ресей мен Қазақстан арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыру үшін едәуір маңызды алаңға айналып келеді.
"Біздің елдеріміз Каспий "бестігі" аясындағы көп қырлы жүйелі ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін жете түсінеді", - деді Бородавкин.
Ол қазіргі уақытта Ақтау мен оған жақын орналасқан Құрық порты Каспий теңізіндегі ең серпінді дамып келе жатқан порт агломерацияларының бірі екенін еске салды.
"Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі дамып, Ресей кемелерінің саны тұрақты түрде артады деп болжануда. Сонымен қатар Каспий теңізіндегі туристер ағынының ұлғаюына байланысты Ақтауды демалыс үшін таңдайтын ресейліктердің саны үнемі артып келеді", - деді елші.
"Сондықтан Ресейдің Қазақстандағы төртінші Бас консулдығын ашу үшін Ақтау таңдалғаны таңқаларлық емес. Мен атаған Каспий теңізіндегі біздің елдер арасындағы сауда және туристік байланыстарды арттыру перспективаларын ескеретін болсақ, онсыз мұны істеу мүмкін емес", - деп атап өтті Бородавкин.
Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының Қазақстандағы консулдықтары Астана, Алматы, Орал, Өскемен қалаларында жұмыс істейді.