Білім

Қазақ ұлттық университетінде 356 студентке арналған жатақхана қайта ашылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 2 қараша – Sputnik. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттеріне жатақхана берілді, барлығы 356 орын бар, деп хабарлайды ғылым және жоғарғы білім министрлігі.
Университеттің №5 жатақханасы күрделі жөндеуден өтіп, журналистика факультетінің студенттеріне салтанатты түрде табысталды. Қуанышты шараға қаланың зиялы қауым өкілдерінен бастап оқытушылар, профессорлар, студенттер қатысты.
Жөндеу кезінде ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта сыланып, әрленген. Есік-терезе, еден төсеніштері мен жиһаздар сатып алынған.
Жатақхана
Сондай-ақ, электр жүйесі қайта жүргізілген. Әр секцияға заманауи душ кабиналары қойылып, санитарлық-техникалық жабдықтар ауыстырылған. Ғимараттың cу құбыры мен кәріз жүйесі монтаждалған.
"№5 жатақхананың қолына қалам ұстаған қауым үшін өзіндік терең тарихы бар. ҚазҰУ-да оқыған есімі елге танымал журналистер осы студенттер үйінде тұрды. Бүгін сол дәстүр жалғасын тауып, журналистика факультетінде оқып жатқан білім алушы жастарға қолданысқа берілді. Алдағы уақытта ЖОО құрылысының екінші кезеңінде қалашықта жаңа жатақханалар бой көтереді", - деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.