Көкшетауда қаржы пирамидасын ашқандар сотталды

Sputnik
АСТАНА, 2 қараша – Sputnik. Көкшетау қаласында танымал мессенджер арқылы қаржы пирамидасын ұйымдастырған екі адам сот шешімімен бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тергеу материалдарына сәйкес, алаяқтар халықты алдап, қаржы пирамидасы арқылы ақшаны көбейтіп беруге уәде еткен. Оларға біраз адам сеніп қалған.
"Осы іс бойынша 80 адам жәбірленуші болып танылды. Оларға 30 млн теңге көлемінде аса ірі мөлшерде шығын келген. Қаржы пирамидасына сеніп қалғандар 50 мыңнан миллион теңгеге дейін ақша құйған", - дейді прокурорлар.
Сот шешімімен WhatsApp мессенджері арқылы қаржы пирамидасын ашқан екі адам бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса, екеуіне коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда 7 жылдың ішінде басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.
Жәбірленушілердің азаматтық шағымдары да қанағаттандырылды. Сотталғандар барлық ақшаны қайтарып беруге міндеттелді.