Қоғам

Бас мүфти тойлардағы "анайы би мен әдепсіз ойындарға" қатысты пікір білдірді

Sputnik
АСТАНА, 2 қараша – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы тойлар мен ас беруге қатысты пікір білдірді.
"Тойда қариялар алдында түрлі қылық көрсетіп, анайы билеу, әдепсіз ойындардың ұйымдастырылуы сіз бен бізді бей-жай қалдырмасы анық. Осы ретте тойды ұйымдастырушы азаматтарға айтарым: қуанышты бөлісудің өзіндік әдебін сақтасақ дегім келеді. Сіздер де осы мәселені өз орталарыңызда айта жүрсеңіздер деген тілегім бар", - деді бас мүфти Шымкент қаласында зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында.
Сондай-ақ ол ел ішінде ас беру мен зират көтеруде ысырапқа жол беріп жатқан жандар аз емес екенін айтты.
"Осы мәселеге де қарияларымыз назар аударып, қоғамның қаперіне сала жүрсе. Зәулім кесене тұрғызуға, аста-төк ас беруге жұмсалған артық шығын қайырымдылыққа, халықты ағарту ісіне берілсе нұр үстіне нұр болар еді", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Зиялы қауым өкілдері бас мүфти көтерген мәселені қолдап, өз ойларын ортаға салды.
Бұдан бөлек, жиында жастарды деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан сақтандыру, имамдардың білімін жетілдіру және тағы басқа мәселелер талқыланды.