АСТАНА, 2 қараша – Sputnik. Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Анна Данилина АҚШ-тың Форт-Уорт қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирін сәтті бастады деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Қазақстандық теннисші бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Пэм Шрайвер тобында бастапқы кездесуін Габриэла Дабровски (Канада) - Джулиана Ольмос (Мексика) жұбымен өткізді.
Бірінші партияда Анна мен Беатрис 7:5 есебімен басым түсті. Қазақстандық-бразилиялық жұп екінші сетте бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.
Қазақстандық-бразилиялық жұп аталмыш топта сондай-ақ Людмила Киченок (Украина) - Елена Остапенко (Латвия) және Элизе Мертенс (Бельгия) - Вероника Кудерметовамен (Ресей) шеберлік байқасады.
Әр топтан екі үздік жұп плей-офф кезеңіне жолдама алады.