Президент сайлауы - 2022

Жигули Дайрабаев қандай өзгерістерді жасауға дайын – кандидаттың сайлауалды бағдарламасы

Sputnik
АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. "Ауыл" партиясы ұсынған кандидат Жигули Дайрабаев өзінің сайлауалды бағдарламасын жариялады, ол үш бөлімнен тұрады.
Кандидат дала демократиясы, жоғары рухани-адами мәдениет пен қуатты аграрлық салаға негізделген жаңа Қазақстанға қол жеткізуге тырысамын дейді.
Sputnik Қазақстан желіде танымал болған үміткердің сайлауалды бағдарламасына енген негізгі бастамаларды ұсынады.

Дала демократиясы – әділетті Қазақстан кепілі!

Кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасын демократияның негізгі қағидаттарынан бастады. Олар – ашық сайлау, бейбіт және жоғары бәсекелестік. Оның айтуынша, ондай демократия қазақ хандығы кезінде басталған. Ал қазіргі жағдайда осы саладағы саясаттың негізгі үш компоненті - мемлекет басшысының прагматизмі, оны қоршаған ортаның даналығы және қоғамдағы әділеттіліктің үстемдігі болуы шарт. Осы орайда Дайрабаев қаңтар оқиғасына да тоқталды.
"Қаңтар айындағы қайғылы оқиғалар жалпыға ортақ игіліктерді бөлудегі жалпы әділетсіздік пен билікке жақын байлар және кедейлер мен қарапайым халық, қала мен ауыл арасында үлкен алшақтықтың пайда болуына байланысты болғанын білеміз. Авторитарлық жүйе қоғамда мемлекетті басқарудың мүлдем жаңа формациясын құруға деген ұмтылысты оятты", - дейді кандидат.
Сондықтан негізгі алты бастамаға қол жеткізуге тырысамын деп отыр.
Олар.
Еліміздің негізгі заңы – Қазақстан Республикасы Конституциясының басты қағидаты - билік халыққа тиесілі дегенді сөз емес, іс жүзінде жүзеге асыру;
Еңбек адамының рөлі мен маңыздылығын арттыру, мұғалім, дәрігер және Отан қорғаушылардың мамандығын қастерлеу;
Өндірістік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағдарламаларын іске асыру арқылы орталық пен өңірлер арасында ортақ игіліктерді тең және әділ бөлу;
Бюджеттік жоспарлау процесін, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялар қызметін, сондай-ақ, ұлттық қорды және зейнетақы активтерін басқаруды барынша ашық ету;
Мемлекетті басқару ісінде бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам қайраткерлерінің ықпал ету саласын кеңейту;
Дәстүрлі ұлттық қонақжайлылықты Қазақстанның әлсіздігі емес, жағымды бейнесі ретінде пайдалану;

Жоғары мәдениет – қоғамды жаңарту негізі!

Кандидаттың ойынша, бүгінде қоғамның рухани-адами мәдениеті мен санасында олқылық көп. Жеңіл ақшаға деген шамадан тыс құштарлық күшейіп барады. Соның салдарынан көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлық артып, бағалар негізсіз өсіп жатыр. Ал шенеуніктер әрекетсіздік танытады. Халықта тұтынушылық көзқарас басым, әлеуметтік желілерде жастардың әдепсіз мінез-құлқы және тағы басқа жағымсыздықтарға көбейіп кетті.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекет жасаған түрлі әрекет, мысалы, жалақыны көтеру немесе қылмыстық жазалау шараларын қатаңдату айтарлықтай нәтиже бермеді, керісінше, қылмыскерлердің жаңа жағдайларға бейімделуін арттырды", - дейді Дайрабаев.
Кандидат жемқорлыққа қарсы күресті адамдардың өзінен, олардың рухани-адами тәрбиесінен бастау керек деп санайды. Атап айтқанда, мектепте еңбекқорлықты, жауапкершілікті, аға буынға құрмет көрсету мен ұлттық құндылықтарды сақтауға үйрету, мемлекеттік тілді барлық салаға терең енгізу, шет елдердегі қазақтардың ұлттық бірегейлігін сақтау және тағы басқа шаралар бар. Дайрабаев оған қол жеткізуге тырысамын дейді.

Бақуатты ауыл – қуатты мемлекет!

Сайлауалды бағдарламаның үшінші бөлімі экономикалық проблемаларға арналды. Кандидаттың айтуыншае, Қазақстан шикізаты бай мемлекет бола тұра, өз халқын қолжетімді отынмен және энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ете алмады.
Халық тұтынатын қарапайым тауарлар да шетелден жеткізіледі. Жыл сайын импортпен бірге тауардың бағасы да өсіп отырады. Ал үкімет экономиканың драйвері бола алатын аграрлық саланың әлеуетін елемейді. Оны ашу үшін тәжірибелі және білікті кадрлар, кең ауылшаруашылық алқаптары, кен орындары мен су ресурстарының қомақты қоры, экспорттық нарықтардағы сұраныс та бар.
"Мен Қазақстан Республикасын алақандай жер де бос жатпайтын, егілетін, әр дастархан сапалы және бағасы қолжетімді отандық өніммен толтырылатын аграрлық державаға айналдыруға нық бекіндім", - дейді кандидат.
Осы орайда Дайрабаев бірнеше бастамаға қол жеткізуге мүдделі.
Олар:
агробизнесті құру және дамыту үшін мемлекеттік қолдауда, жеңілдетілген кредиттеуде, фискалдық саясатта, еңбек нарығында, стартаптарды ынталандыруда, сондай-ақ жер, техникалық (отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды қалпына келтіру) және ақпараттық ресурстарды кедергісіз алуда ең жақсы жағдайлар жасау;
ауылдық елді мекендерді жаңғырту жөніндегі ұзақ мерзімді ұлттық стратегияны заң деңгейінде қабылдау;
соттар мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарында, сондай-ақ экспорт елдерінде адал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер мен олардың қызметкерлерін құқықтық қорғауда президенттік кепілдік беруді;
ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мәртебесін арттыру;
қала тұрғындарын коммерциялық үстеме бағасыз азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін мегаполистерде, моноқалаларда, облыс және аудан орталықтарында тұтыну қоғамдары мен кооперативтер желісін құру және дамыту;
агроөнеркәсіп пен ауылға ақша салатындарға сақтандыру мен кепілдік беру;