АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Қостанай қаласында үш күннен бері 17 жастағы Ирина Сергушова табылмай жатыр. Боксшы қыз жаттығу залына кетіп, із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Наш Костанай" порталына сілтеме жасап.
29 қазанда Иринаның анасы полицияға арыз жазды. Содан бері іздестіру жұмыстары тоқтамай жатыр.
"Қазіргі кезде іздестіру шаралары атқарылып жатыр. Оған полицияның барлық жеке құрамы тартылды. Жоғалған қызды көрген адам болса, 102-ге хабарласуды сұраймыз", - дейді тәртіп сақшылары.
Иринаның бойы – 170 см. Шашы қара, көзі көк. Жоғалған күні үстінде қара куртка, қара трико, басында қара бас киім, ал аяғында ақ кроссовка болды.