АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Келесі жылдан бастап бірінші сынып оқушыларын планшетпен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"2023 жылдан бастап 1-сынып оқушыларына 400 мың планшет беру көзделіп отыр. Бірақ мұның шешімі әлі қабылданған жоқ. Бұл біздің ұсынысымыз. Мұны орындау үшін қаржы министрлігімен бірігіп, бюджеттік процестерді зерделеп, бюджетке өтінім беруіміз керек", - деді министр үкімет кулуарында.
Айтуынша, планшеттермен қамтамасыз ету мобильдік операторлармен бірігіп жасалады. Өйткені операторлар оған "симка" орнатып, бақылауы қажет.
Шетелге тәуелді болмас үшін бүлдіршіндерді Қазақстанда жасалған планшеттермен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
"Біз бизнеске осындай планшеттер қажет деп сауал жолдадық. Олар оны мемлекетке сата алады. Ал мемлекет операторлар арқылы оқушыларға таратады. Біз бизнеске осындай ұсыныс айттық, енді жауабын күтеміз", - деді ол.
Мусин әзірге Қазақстанда планшет шығарылмайтынын атап өтті. Тек компьютер мен ноутбук шығаратын зауыт қана бар.
"Планшет шығару үшін басқа линия қажет. Сондықтан оны бизнес талқылауы қажет", - деді Мусин.