Ақтөбеде жас мұғалім жинап жүрген барлық ақшасынан айырылды

Sputnik
АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Ақтөбе қаласында жас мұғалім алаяқтарға алданып, барлық жинаған ақшасынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
26 жастағы қызға алдымен өзін банк менеджері ретінде таныстырған ер адам қоңырау шалған. Ол жас мұғалімді есепшоттағы ақшаға қатысты алаяқтық жасалады деп әбден сендіріп, оның телефонына келетін SMS-хабарламаны айтуды сұраған. Қыз оған сеніп қалды. SMS-кодты да айтты. Сол кезде оның шотында болған 7 млн теңге ізім-ғайым жоғалды. Ол бірден полицияға арыз түсірді.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Алаяқты анықтау және ұстау бойынша тиісті шаралар қолға алынды.
"Полиция департаменті алаяқтық жағдайларды болдырмау үшін ешкімге, тіпті банк қызметкеріне де жеке шоттар мен карталарға қатысты SMS-кодты және басқа да жеке ақпаратты айтуға болмайтынын еске салады. Егер күмән туындаса, ешқандай әрекет жасамаңыз және операцияларды растамаңыз", - дейді полицейлер.
Банктер мен төлем жүйелері ешқашан өз клиенттерінің телефондарына шот деректерін беруді сұрайтын хаттар жібермейді немесе қоңырау шалмайды.