2023 жылдан бастап банктер студенттерге 2-3%-тік кредит береді

Sputnik
АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. 2023 жылдан бастап студенттер оқу ақысын төлеу үшін банктерден 2-3%-тік кредит рәсімдей алады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет кулуарында журналистер оқу ақысын төлеуге 2-3%-тік кредит қашан берілетінін сұрады.
"Келесі жылдан басталады. Біз бұрын болған қаржыландыру және кредит алу моделін мұқият қарастырып жатырмыз. Несиені екінші деңгейлі банктер береді. Студент өз атына 2-3%-тік кредит рәсімдей алады", - деп жауап берді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, ҰБТ талапкердің оқу жетістіктері мен әлеуметтік жағдайын ескеретін көрсеткіштер бойынша жетілдіріледі.
"Аталған тәсіл грант бағасы жүйесіне (30%-тен 100%-ке дейін) дифференциация енгізуде де қолданылады", - деді Нұрбек үкімет отырысында.
Бұдан бөлек, тығыз қоныстанған және жаңадан құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының талапкерлеріне грант бөлу жалғасады.
Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін университеттермен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі жетілдіріледі.