АЛМАТЫ, 31 қазан - Sputnik. Кәсіби әлеуметтік қызметкерлер ұлттық альянсынан президентікке үміткер Қарақат Әбден өзінің сайлауалды бағдарламасының басты бағыты ретінде қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын жақсартуды атап көрсетті.
Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы туралы қысқаша Sputnik Қазақстан шолуында.
"Мен отбасына, қоғамға, Отанға не қажет екенін білемін!" деп мәлімдеген кандидат өзінің сайлауалды науқанының төрт негізгі тұсын ерекше атап өтті.
Отбасы
Қарақат Әбден өз бағдарламасында отбасы институтын нығайту керек деп есептейді.
Ол үшін ол бірқатар шараларды ұсынады:
ұлттық отбасы тәрбиесінің озық дәстүрлері бойынша жас ұрпақты рухани дамытудың арнайы курсын әзірлеп, мектеп бағдарламасына енгізу;
тұрғын үй алу немесе белгілі бір мерзімге пәтер жалдағаны үшін төленетін ақшалай сертификаттар жүйесін енгізу;
жұмыс берушіні кәсіпорындағы жас отбасына қосымша қолдау көрсетуді заңды түрде корпоративтік жарғыларға енгізуге міндеттеу;
бала тәрбиелеп отырған үй шаруасындағы әйелді "жұмысшы" деп тану және бұл мерзімді еңбек өтіліне қосу.
Балалар
Үміткер сонымен қатар тегін орта білім берумен қамту мәселесін шешуді маңызды деп санайды, бұл үшін халық санының өсуімен үндестіре отырып, білім беру нысандарының құрылысын заңнамалық тұрғыдан бекітуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар ол балаларды тегін қосымша біліммен қамтамасыз ету үшін жеке бағдарлама әзірлеуді, мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің бос уақытын ұйымдастыруға арналған тегін мекемелер желісін кеңейтуді қолға алмақ.
Жастар
"Бүгінгі жастарға көмектесу – ертеңгі күнімізге тікелей инвестиция", - деді Қарақат Әбден.
Жастарды қолдау үшін ол келесі шараларды ұсынады:
барлық студенттер мен оқушыларды тегін жоғары біліммен қамтамасыз ету;
еңбекақы жүйесіне сәйкес шәкіртақы төлеуге;
оқу орны мен кәсіпорын арасындағы байланысты арттыру, жастардың оқудан белгілі бір кәсіпке көшу үдерісінің сабақтастығын қамтамасыз ету;
аға буын өкілдерін тарта отырып, ұлттық-патриоттық жастар клубтарын құру;
қыздарды дамытуға арналған нақты қолдау орталықтарын ашу.
Алтын ұрпақ
Қарақат Әбден өз бағдарламасының негізгі аспектілерінің бірі қарттардың өмір сүру деңгейінің жоғары болуы деп есептейді.
Өйткені "мұқтаждық пен материалдық жағдайды уайымдамай әдемі қартаю– әрбір адамның арманы", - деп сенеді кандидат.
Қарттарды қолдау үшін ол келесі шараларды ұсынады:
зейнеткерлік жастағы тұрғындардың еліміз бойынша жеңілдетілген тарифтермен саяхаттауына мүмкіндік беретін бағдарлама әзірлеу;
"Ұрпақтар кездесуі" бос уақытын ұйымдастырудың гранттық бағдарламасын әзірлеу;
қарттардың серуендеуіне және демалуына арналған сыртқы инфрақұрылымды жобалау (жазда салқын, қыста аула кабиналары, спорт алаңдарында қарттарға арналған жабдықтар және т.б.);
қарттарды емдеу мен оңалтудың кешенді жүйесін әзірлеу.
Қарақат Әбден бұл бірінші кезектегі міндеттер екеніне және оларды жүзеге асыруға болатынына сенімді. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен оның ресми сайтында танысуға болады.
Айта кетейік, Қарақат Әбден сайлау додасына қатысып жатқан екі әйелдің бірі. Қазақстан президенттігіне барлығы алты үміткер тіркелді. Еске салайық, кезектен тыс сайлау 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді.