АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Ресей, Армения және Әзербайжан басшылары Сочиде үшжақты кездесу өткізіп, онда Қарабақ мәселесін талқылады. Бұл сондай-ақ болашақ бейбіт келісімге негіз болатын құжатты қабылдауға негіз болуы мүмкін. Үшжақты саммит алдында Путин Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен екіжақты келіссөздер жүргізді, деп жазды РИА Новости.
РФ президенті Владимир Путин Таулы Қарабақтағы жағдайды реттеу туралы айта келіп, ең бастысы бейбітшілік пен даму үшін қажетті жағдайды қамтамасыз ету, оның ішінде көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру маңызды екенін айтты. Ресей президенті Сочидегі үшжақты саммиттің мақсаты 2020 және 2021 жылдардағы Қарабақ мәселесін реттеуге қатысты барлық келісімдерді жүзеге асыру екенін айтты.
"Қарулы қақтығысты тоқтату кезінде келісімге қалай қол жеткізілгенін еске түсірейін. Ол кезде бәріміз ең бастысы бейбітшілікті қамтамасыз ету және даму үшін қажетті жағдай жасау, оның ішінде Армения экономикасын дамыту деп есептедік", - деді Путин кездесу барысында.
Ол бұл мәселелердің барлығы, соның ішінде көлік инфрақұрылымын бұғаттаудан шығару экономика мен әлеуметтік саланы дамытуға қатысты екенін айтып, бұл шаралар халықтың мүддесі үшін жасалып жатқанын мәлімдеді.
"Бүгін біз бірлескен мәлімдемеге келістік. Шынын айту керек, көзделген барлық мәселе келісілген жоқ. Кейбір мәселелерді мамандар деңгейінде әзірленген мәтіннен алып тастау керек болды", - дед Путин.
Ресей басшысы бұл қадам Таулы Қарабақтағы жағдайды реттеу бойынша одан әрі әрекеттерге мүмкіндік туғызатынын атап өтті.
Ресей, Армения және Әзербайжан басшылары Сочидегі үшжақты кездесу қорытындысы бойынша қабылданған Таулы Қарабақ мәселесі бойынша бірлескен мәлімдеме жариялады.
Бұл құжатта Армения мен Әзербайжан басшыларының күш қолданудан бас тартуға және егемендікті мойындау негізінде мәселелерді шешуге дайын екені туралы айтылған.
Бұған қоса, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ресей тарапының Ереван мен Баку арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге үлес қосуға дайындығын құптады. Мемлекет басшылары ресейлік бітімгерлік күштерінің аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Путин, Пашинян және Әлиев Армения мен Әзербайжан арасында бітімгерлік келісімін жасауға белсенді дайындықтың маңыздылығын атап өтті. Кездесуге қатысушылар өзара қолайлы шешімдерді іздеуді жалғастыруға келісті. Өз кезегінде Ресей тарапы бұл мәселеде Баку мен Ереванға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Тараптар Әзербайжан – Армения қарым-қатынастарын жан-жақты қалыпқа келтіру жөніндегі уағдаластықтарды сақтауға мүдделі екендерін растады.
Еске салсақ, 2020 жылдың қыркүйек айының соңында Таулы Қарабақта ұзаққа созылған қақтығыстың салдарынан соғыс қимылдары қайта басталып, бұл бейбіт тұрғындардың құрбан болуына әкеп соқты. Тараптар бітімге келуге бірнеше рет талпыныс жасағанмен, 10 қарашаға қараған түні қол жеткен үшжақты келісім сәтті болды. Мәскеудің араласуымен Әзербайжан және Армения атысты толығымен тоқтатып, тұтқындар мен қаза тапқандардың денелерін айырбастауға келісті. Ереван сонымен қатар Қалбажар, Лачин және Агдам облыстарын Бакуге берді. Аймаққа ресейлік бітімгерлік күштері орналастырылды.