Президент сайлауы - 2022

Мейрам Қажыкен сайлауалды бағдарламасын жариялады

Sputnik
АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкен өзінің сайлауалды бағдарламасын "Игілік түбірі - ынтымақ" деп атады.
Негізгі мақсаты – барлығына тең мүмкіндік беру. Әсіресе, жастарға ерекше басымдық беріліп отыр.
Қажыкен бағдарламаны іске асыруға ғана емес, кем дегенде, тоқсанына бір рет, халық алдында делдалдарсыз есеп беруге уәде беріп отыр.
Sputnik Қазақстан үміткердің сайлауалды бағдарламасымен танысып шықты.

Бірлік мәдениеті

Мейрам Қажыкен мәдениет арқылы толеранттылық, азаматтылық пен патриотизмді күшейтуге, белсенді азаматтық ұстанымы бар заманауи адамды қалыптастыруға мүдделі. Осы орайда қазақ тілін дамытуға да басымдық беріледі.
"Қазақ тілін дамыту үшін жүйелі, ынталандыратын, ал кейбір жағдайларда қазақ тілін қолдануды талап ететін шаралар жүзеге асырылады (мемлекеттік органдар, мемлекеттік қызметтер және т.б.). Оқу, ғылыми және кәсіби әдебиеттердің, оның ішінде цифрлық форматтағы еңбектердің сапасын арттыру жұмыстары жалғасады", - дейді Қажыкен.
Біртұтас қазақстандық ұлтты қалыптастыратын түрлі этностардың жанжалсыз және үйлесімді өмір сүруі де маңызды.

Білім беру жүйесін дамыту

Президентікке үміткер заманауи адамды қалыптастыру үшін барлық деңгейде білімнің сапасын арттыру қажет деп санайды. Оның ойынша, балаларды отбасының әлеуметтік мәртебесі бойынша саралауға алғышарт болатын мектептерді қарапайым және элиталық деп бөлудің қалыптасқан тәжірибесін жою керек. Себебі балаларды жас кезінен түрлі әлеуметтік сипаттары бойынша бөлу жеке тұлғаны қалыптастыруға теріс әсер етеді. Ал білім беретін мектептерді зияткерлік мектептер типіне жатқызудың қатаң және жоғары объективті талаптар болуы шарт.
Колледждердің материалдық және зияткерлік деңгей і заманауи өнеркәсіптік технологияларды игеру үшін жеткілікті болуы тиіс. Жоғары оқу орындары де елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға қабілетті болуы қажет.

Әділ құқықтық мемлекет

Осы мақсатты орындау үшін үміткер үкіметті реформалауы ұсынып отыр. Алдымен шешімдер қабылдау және оларды орындау сатыларын қысқарту қаежет.
"Бұл мемлекеттік басқаруды барынша орталықсыздандыруды білдіреді. Орталық буындағы органдардың функциялары едәуір қысқарады, тиісінше, аймақтық деңгейдегі мемлекеттік басқару жүйесі дамиды, атап айтқанда олардың дербес шешім қабылдау құқықтары кеңейтіледі. Күшті аймақтар – күшті республика!", - дейді кандидат.
Бұдан бөлек, халық барлық деңгейдегі әкімдерді сайлап отыруы қажет. Қажыкен бюджетаралық қатынастар жүйесін де өзгертуге мүдделі. Негізгі мақсаты – өңірлердің шығыстарын кіріске сай ету.
Құқықтық тәртіп, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік Үміткер елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту аса маңызды міндет дейді. Сондықтан қару-жарақты жаңғырту, мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын жетілдіру, кадрлар даярлау мәселелерін көздейтін жаңа әскери (қорғаныс) доктринасын қабылдау қажет. Осы орайда қазақстандық қорғаныс өнеркәсібін құру бағдарламасы жан-жақты қолдау көрсету көзделіп отыр.

Азаматтық қоғамдық дамыту

Кандидат Қажыкеннің ойынша, кәсіподақтар әлі күнге дейін тиімді күшке айналмады. Өйткені көптеген кәсіподақ ұйымдары, ең алдымен республикалық және салалық деңгейдегі басшылары өз мүшелерінің мүдделерін қорғауға қабілетсіз немесе дайын емес.
"Сондықтан тәуелсіз мықты кәсіподақтарды қалыптастыру үшін заңнама мен өзге де институттарды жетілдіру жолымен жағдайлар жасалатын болады. Әлеуметтік әріптестермен: мемлекеттік ұйымдар мен жұмыс беруші ұйымдардың қарым-қатынасының барлық деңгейлерінде кәсіподақтар тәуелсіздікке қол жеткізуі тиіс. Кәсіподақтар еңбек адамының мүдделерін білдіретін қоғамдық ұйымдар ретінде саяси шешімдер қабылдау жүйесіне тартылатын болады", - делінген сайлауалды бағдарламасында.
Сол сияқты кәсіпкерліктің дамуына нақты ықпал ете алатын салалық және ұлттық деңгейдегі заманауи ұйымдарын қалыптастыруға қажетті жағдай жасалады. Қажыкен кәсіпкерлер ұйымдары туралы заңды қабылдауға да уәде беріп отыр. Осылайша, мықты әрі тәуелсіз кәсіпкерлік ұйымдар олигархиялық бизнеске тосқауыл болады.
Бұдан бөлек, кандидат "Әлеуметтік әріптестік туралы" заңды қабылдауға мүдделі. Соның негізінде әріптестік институты, атап айтқанда мемлекет, сондай-ақғ жұмыскерлер ұйымдары мен кәсіпкерлер ұйымдары арасындағы диалог дамиды. Ондай диалог азаматтық қоғамның дамуына да ықпал етеді. Ал тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары нағыз "биліктің төртінші тармағы" болады.

Әлеуметтік саясат

Денсаулық сақтауды қаржыландыруға арналған шығыстардың үлесі ІЖӨ-нің 6% – не дейін артады.
Соның басым бөлігі тегін медициналық көмекке жұмсалады. Қажыкен медициналық қызметтердің сапасын да арттыруға сөз беріп отыр. Медициналық персоналдың, ең алдымен дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың тапшылығы жойылады. Ол үшін дәрігерлердің жалақысын көбейту, еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік жағынан қорғалуын қамтамасыз ету жоспарланған. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру шаралары да бар.
Олар:
кедейлікте немесе осындай жағдайға жақын болған адамдар мен отбасыларды әлеуметтік қорғау;
ерекше қажеттіліктері бар адамдарға кәсіптік бағдарлауда көмек көрсету;
егде жастағы адамдарды лайықты өмір сүруге және әртүрлі салаларда белсенді болып қалуға жағдай жасау;
әйелдердің зейнет жасын төмендету;
Ал халыққа лайықты жалақы беріледі.

Экономика моделін жаңғырту

Құрылымдық саясат ұлттық экономиканы сапалы жаңартуға, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының өңдеуші салаларының, сондай-ақ жалпы ұлттық табыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін елеулі ұлғайтуға бағытталатын болады.
"Құрылымдық саясат "голландиялық ауруды" жеңуге көмектеседі, экономикадағы шикізат секторының орны мен рөлі өзгереді. Шетелдік компаниялардың жер қойнауын пайдалануға қатысуы қысқарады, бұл ұлттық экономикаға және жалпы экономикалық қауіпсіздікке сырттан теріс әсер ету тәуекелдерін азайтады", - дейді Қажыкен.
Ал технологиялық жаңғыртуға және қайта құрылымдауға бағытталған жобаларды ұсынатын шетелдік инвесторларға қолдау жасалады. Макротехнологияға маманданған, азаматтық және әскери мақсаттағы өнім шығаратын компания құрылады.
"Макротехнологиялық компания айналасына көптеген компаниялар мен ұйымдарды, соның ішінде әскери-өнеркәсіптік кешен компанияларын біріктіретін болады. Макротехнологиялық компания Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің бірінде ұлттық ауқымдағы өнеркәсіптік кластердің өзегіне айналады", - делінген бағдарламада.

Сыртқы саясат

Қажыкеннің ойынша, Қазақстан әртүрлі одақтарға экономикалық тұрғыда тәуелді болмай, сауда серіктестерін еркін таңдап, олармен өзара тиімді экономикалық қатынастар жүргізіп, сыртқы саудадан пайда көруі тиіс.
"Үкімет өзара сауданы кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін іздейді, жаңа өңірлік сауда келісімдеріне қатысады, үшінші елдермен сыртқы сауда байланыстарын, әсіресе жоғары қайта бөлу өнімдерінің саудасын дамытады және кеңейтеді. Сыртқы сауданың ең тиімді форматы – өзара сауда туралы екіжақты келісім. Екіжақты келісімдер сауда серіктестерімен жан-жақты тексерілген экономикалық қатынастар құруға мүмкіндік береді", - делінген бағдарламада.
Ал елдің саяси және экономикалық егемендігіне жасырын қауіптерді анықтау үшін халықаралық келісімдер мен интеграциялық бірлестіктерге қатысу шарттарына тексеріс жүргізіледі.