ПЕТРОПАВЛ, 29 қазан – Sputnik. Петропавл тұрғыны президенттің бастамасымен қолған алынған инвестициялық жоба деген жарнамаға алданып, алаяқтарға 6,5 млн теңге ақшасын берген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының хабарлауынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде фейк хабарламалар көбейіп кеткен. Алаяқтар ұлттық компаниялар мен банктердің президенттің бастамасымен қолға алынған инвестициялық жобалары деген жарнама жариялайды.
"Полицияға Петропавл тұрғыны шағымданып, тамыз айында YouTube-те Halyk Bank жарнамасын көргенін, олар ақша инвестициялап, кіріс табуға болатынын ұсынғанын айтты", - деп хабарлады прокуратура.
Әйел анкета толтырып, өз мәліметтерін жазғаннан кейін оған алаяқтар хабарласқан. Олардың айтуымен тұрғын кредит рәсімдеп, "инвестициялық шотқа" 6 млн 600 мың теңге салған. Әлбетте, ол ақшаны шешіп ала аламады, ешқандай кіріс те жоқ – алаяқтар шоттағы қаржыны ұрлап кетті.
Жыл басынан бері облыс полицейлері алаяқтық бойынша 858 факт тіркеген, оның 649-сы интернет арқылы жасалған.