АЛМАТЫ, 29 қазан – Sputnik. Алматының Наурызбай батыр ауданында "Qazaq Stroy" компаниясы салған көпқабатты үйлерден шу шықты. 28 көпқабатты үйге әлі күнге жылу берілмеген, оның әрқайсында 90 пәтерден бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Alma city" деп айдар тағып, заманауи жобамен салынған жаңа үйлер қыркүйек айының басында пайдалануға берілген. Қазіргі күні бұл баспаналарда тұрғындар қалшылдап тоңып отыр.
"Төрт балам бар. Ең кішкентайым бір жасқа да толған жоқ. Үй суық. Әбден тоздық. Күні-түні көрпеге орап тастаймын", - дейді қала тұрғыны Бота Ілесбек.
Бота Ілесбек төрт баласын күні-түні көрпеге орап тастайтынын айтады
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Екі аптадан соң босанамын. Жаңа сатып алған баспанамыз өте суық. Амалсыздан 150 мыңға пәтер жалдап тұрып жүрміз. Суық үйімізге айына 150 мың, пәтерге 150 мың теңге төлеймін", - дейді Ажар Жүнісбекова есімді тұрғын.
Алматының Наурызбай батыр ауданындағы 28 көпқабатты үйге әлі күнге жылу берілмеген
© Sputnik / Айдана Дайырова
Тұрғындар ереуілге шыққанын естіп, Алматы қаласы Наурызбай ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық маманы мен "Qazaq Stroy" компаниясының атқарушы директоры келді. Алайда тұрғындармен арадағы жанжал ушықпаса, басылмады.
"Әкім қайда? Жоқ. Мұндай жерге келмейді де. Қанша рет айттық. Бұлар әне береміз жылуды, міне береміз деп, бізді алдап келеді. Қаншама жылыту құралдарын сатып алдық. Электр жарығының ақшасы көбейіп кетті. Соның шығынын өтеп берсін", - дейді "Alma city" тұрғыны Кәмшат Саматова.
Алматының Наурызбай батыр ауданындағы 28 көпқабатты үйге әлі күнге жылу берілмеген
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Жылу мәселесі шешілместен тұрғындар неге қоныстанды?" деген сұрағымызға мамандар мардымды жауап бермеді.
"Үйді беру мерзімі келді. Су, электр жарығы, кәріз жұмыстары түгел бітті. Техникалық құжат дайын болғандықтан тұрғындарды кіргіздік. Бірақ жылу болған жоқ. Бұл мәселені кешенді шешу керек. Үйді пайдалануға бергенде жылу мәселесін шешіп үлгермедік. Қазір барынша проблеманы қалпына келтіруге тырысамыз", - дейді "Qazaq Stroy" компаниясының атқарушы директоры Болат Ибрагимұлы.
"Жауапты мамандар бірінші көпқабатты үйден бастап жылу береміз, түнге дейін барлық ғимарат жылумен қамтылады" деп тұрғындарға уәде берді. Егер уәде орындалмаса, "Alma city" тұрғындары күре жолды жауып, ереуілге шықпақ.