Жанармай төленген ақшаға сай құйылғанын қалай тексеруге болады

Sputnik
АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. Техникалық реттеу және метрология комитеті жанармай мен газ құю станцияларының құжаттарын тексеруге кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстанда "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" заң бар. Оған сәйкес, сауда операцияларын жасау кезінде иеліктен шығарылатын өнімнің санына, яғни жеткізілетін жанар-жағармайдың мөлшеріне мемлекеттік метрологиялық бақылау жасалады. Ал есептеу құралдары мемлекеттік тіркеуге алынуы шарт. Әрбір құрылғының дәлдігі үнемі тексеріліп тұрады. Газ тарату колонкаларына қатысты да тура сондай қарастырылған.
Өлшеу құралдарын арнайы лицензиясы бар метрологиялық қызметтер тексеріп тұрады. Талап бойынша құрылғы көрсеткіштерінің техникалық құжаттамада көрсетілген сипаттамаларға сай болуы шарт.
"Басқаша айтқанда, құрылғы көрсеткен литр автокөлік багындағы литрге сәйкес келуі керек. Әрбір автокөлік иесі жанармай құю станциясы пайдаланатын жанармай құю жабдығының салыстырып тексеру сертификатымен және жанармайдың сәйкестік туралы декларациясымен танысуға құқылы", - дейді комитет мамандары.
Бүгінде көлік иелері жанармайдың сапасына да алаңдайды. Қазақстанда сәйкестікті растайтын құжаттар болған жағдайда ғана отынның бөлшек саудасына рұқсат беріледі. Оны ЕАЭО ТР 036/2016 және КО ТР 013/2011 реттейді.