Экономика

Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауда көлемін 10 млрд долларға жеткізбек

Sputnik
АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов Астанада өткен ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
"Біз өзара тиімді ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге дайынбыз", — деді ҚР премьер-министрі.
Өз тарапынан Абдулла Арипов Өзбекстанның барлық басым бағыт бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.
"Қазақстан – еліміздің ірі сауда серіктестерінің бірі. Соңғы бес жылда екіжақты тауар айналымы екі еседен астам өсті. Енді біздің алдымызда өзара сауда көлемін $10 млрд-қа жеткізу міндеті тұр. Елдеріміздің өңірлері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық та нығая түсуде", — деді Абдулла Арипов.
Кездесу қорытындысы бойынша үкімет басшылары салықтық реттеу, жүк транзиті, білім беру, энергетика, ауыл шаруашылығы және т.б. салалардағы шараларды іске асыруды көздейтін Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасына қол қойды.