АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. Бүгін Астанада экс-министр Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін прокурор экс-министрді Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағында (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану, ауыр салдарға алып келген әрекет) көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Сондай-ақ, Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтен 1 миллиард 548 миллион 136 мың 575 теңгені тең үлеспен өндіруді, ал Біртановтан санитарлық авиацияны пайдаланғаны үшін жұмсалған 5 миллион 503 мың 721 теңгені өндіріп алуды ұсынды.
Біртанов үйқамақта отыр. Ал прокурор оны қауіпсіздігі орташа түрмеге ауыстыруды өтінді. Оған қоса, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салу қажет деп санайды.
Бүгін судья өз шешімін жариялады. Оған сәйкес, экс-министр бес жылға, ал оның орынбасары төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Әбішев жыл сайын 100 сағаттық қоғамдық жұмыстарға да тартылады. Екеуінің үйқамақта отырған мерзімі де есептеледі.
Ал денсаулық сақтау министрлігінің азаматтық арызы жартылай қанағаттандарылды. Біртанов пен Әбішев 1 миллиард 350 миллион 123 мың теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеп беруге міндеттелді. Біртановты "Құрмет" орденінен айыруға ұсыныс жасалады.
Екі жылға созылған іс
Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың қазанында ұсталған болатын. Ол аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Бірақ тергеудің аяқталуына бес күн қалғанда аталған бап "Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану" бабына өзгертілді. Біртанов үйқамаққа алынды, ал мерзімі бірнеше рет ұзартылды.
Сот дейінге тергеу шаралары былтыр шілде айында аяқталды. Біртанов пен Әбішева медициналық мекемелердің қызметін автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйені әзірлеу кезінде лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпталды. Биыл қаңтар айында алдын ала сот отырысы өткен. Бірақ судья істі прокуратураға қайтарды. Мамыр айында іс қайтадан сотқа түсті.
Біртанов өзіне тағылған айыптармен келіспей отыр. Экс-министр шілде айындағы сот отырысында Тоқаевтан көмек сұрады. Бұған дейін ол істі қарап жатқан судьяға қарсылық білдірген болатын.