Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өңірдегі өкілдерін тағайындады

Sputnik
АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова бірқатар облыстағы, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы өз өкілін тағайындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан уәкілдің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі кезде Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында, Алматы, Астана және Шымкент қалаларында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері жұмысқа кірісіп кетті. Ал Жамбыл, Павлодар, Атырау, Маңғыстау және Жетісу облыстарында конкурстық іс-шаралар жалғасуда.
"Биыл Қазақстанның 17 өңірінде уәкілдің өкілдігі жұмыс істейді. Тағы 3 өңірде (Ұлытау, Абай және Алматы облыстары) өкілдіктер 2023 жылы тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін ашылады деген жоспар бар. Өкілдер мемлекеттік қызметші болып саналады", - делінген ресми хабарламада.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері өңірдегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен айналысады. Оларға мемлекеттік билік органдарына, құқық қорғау және сот органдарына жүгіну жағынан кең өкілеттіктер берілген.
Өкілдердің көмегіне Қазақстан азаматтары ғана емес, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар немесе олардың өкілдері жүгіне алады.
Өкілдердің тізімі мен байланыс деректері мына жерде көрсетілген.