АЛМАТЫ, 27 қазан – Sputnik. Темір тордың ар жағында қиылған неке. Тар бөлмедегі санаулы сәт – бал айы. Армандағы үйлену той, ақбоз атты ханзада. Бұл – жазасын өтеп жатқандармен көңіл жарастырып, отбасын құрған әйелдердің арманы емес. Бірақ, уақыт өткен сайын өміріне серік болатындарды темір тордан іздейтін нәзік жандылар саны артып барады. Жазасын өтеушілер бостандықта жүрген әйелдермен қалай танысады, болашағы қандай болады, бұл туралы Polisia.kz сайтының тілшісі білді.
Бәрінен бұрын осы сұрақ Қарағанды және Ұлытау облыстарының ҚАЖД мамандарын көп ойландырады. Өйткені, жазасын өтеушілерден азаматтық некедегі әйелімен некесін қию туралы өтініш жиі түседі. Әйелдер жазасын өтеп жатқан ер адамдармен қарым-қатынасты сырттай бастайды. Ондай әйелдердің тіпті айдар таққан "күтушілер" немесе "сырттай оқитындар" деген аттары бар.
Әкімшілік қызметкерлері сотталғандармен отбасын құрғысы келетіндермен сөйлескен кезде әртүрлі өмірлік оқиғаларды кездестіретіндерін айтады. Негізінен психологтар темір торда үйленгендерге отбасылық құндылықтарды сіңіре отырып, олардың қарым-қатынасын нығайтуға тырысады. Мақсат- сотталғандар босағаннан кейін өздерін күйеу, әке ретінде жауапкершілікті сезініп, қайта темір торға оралмайтындай жақсы өмір сүргізу. Өздерін мемлекеттің толыққанды азаматтары ретінде сезін үшін әртүрлі шаралар өткізеді.
Бірақ соған қарамастан, тікенді сымның артында жасалған неке туралы пікірдің оңы да, терісі де болады.
Анастасия, 42 жаста (барлық кейіпкерлердің есімдері өзгертілді): "Мен бұрын екі рет некеде болдым – бірінші неке 7 жылға, екіншісі 8 жылға созылды. Күйеулердің ішімдігінен басқа, менің жеке қадір-қасиетімді қорлау, сатқындық, опасыздықтың құрбаны болдым. Ақыры жалғыз қалдым. Төрт баланы бір өзім тәрбиелей бастадым. Өзіме қарауға мұршам болмайтын. 2019 жылы газет бетінен хабарландыруды көрдім, онда ер адам өзі туралы айтып, қыздың өткен өміріне қарамастан отбасын құрғысы келетінінін жазыпты. Алайда оның мекен-жайы темір тордың ар жағында болды. Мен колонияға баруды шештім. Әкімшілікке қоңырау шалдым. Мен басында қысқа мерзімді кездесуге келдім. Менің көздесуге келген адамым 3 рет сотталған екен. Төртінші рет адам өлтіріп, сол үшін жазасын өтеп жүр екен. Әрине, қорқып кеттім. Бірақ Николайдың қамқорлығы мен жақсы қарым-қатынасы маған сондай ұнады. Түрмеде некемізді қидық. Заңды әйелі ретінде 3 жыл бойы кездесуге келіп тұрамын. Ол 7 жылға сотталған, оның 3 жылын өткізді. Жазасын өтеп шыққан соң маған көшіп келеді, екеуміз бірге балаларымызды тәрбиелейміз. Асыға күтіп жүрмін. Біз бақытты өмір сүретінімізге, жақсы отбасы болатынымызға сенімдімін! Мен өзімнің дос қызымды Николайдың камераласымен таныстырдым. Бірақ олардың қарым-қатынасы ұзаққа бармады", - дейді Анастасия.
Вероника, 45 жаста: "Анастасия екеуміз бала күнімізден доспыз. Ол сотталушымен қарым-қатынасын ұзақ уақыт бойы елден жасырды. Оның байланысы туралы білгеннен кейін Анастасияны ойынан айнытуға тырыстым. Бірақ нәтиже болмады. 2019 жылдың күзінде Анастасия мен Николай түрмеде некелерін қиды. Менің де отбасылық өмірде жолым болмаған адаммын. Бір рет заңды түрде тұрмыста болдым. Сосын екі рет азаматтық некеде тұрдым. Қызым мен ұлым бар. Өзім кәсіпкермін. Махаббатта жолым болмады. Ал досыма қарасам бақытты сияқты. Жалғыздық – өте жаман. 2019 жылдың наурыз айында менің мекен-жайыма Костядан хат келді. Қарасам "АК-159/5 мекемесі" деп жазылып тұр. Үш күн бойы мен конвертті ашуға қорықтым, Өйткені мен түрмеден өмірі хат алып көрмеппін. Алаяқ шығар деп те ойладым. Қысқасы, мен хатты аштым, онда менің фотосуретім және өлеңдер мен тілектер түрінде көптеген әдемі сөздер жазылыпты. Иә, мойындаймын, маған өте қатты әсер етті! Бұрын мен бостандықтағы ер адамдардан мұндай сөздерді естіген емеспін. Сөйтіп, бірінші кездесуге де келдім. Қалай күйеуге шығам деп келісіп қалғанымды өзім де байқамай қалдым. Басымды айналдырып алды. Отбасым, әсіресе ұлым түбегейлі қарсы болды. Некеге тұрғаннан кейін мен Костяға түрмеге апаратын заттарымды ұлымнан тығып, көршінің үйіне апарып қоятын болдым. Сонымен, бір жыл бойы мен күйеуіме жасырын барып жүрдім. Алғашқы кездесулерде көкте қалықтап жүргендей күшті және жылы сезімдер болды. Мен махаббатты еркіндіктен емес, темір тордың ар жағынан тапқан әйелдерді түсіне бастадым. Бірақ 2021 жылы түрмедегі кездесу бөлмесінде қолымда ажырысу туралы қағазбен тұрдым. Отбасы болуға өте көп күш-жігерімді арнадым. Бір күні біздің кездесулеріміздің бірінде күйеуім күрт өзгеріп, маған қатыгездік таныта бастады. Мен оған оның мінез-құлқы туралы айта бастап едім, неше түрлі былапыт сөздермен балағаттады. Онымен қоймай мені итеріп жіберді. Сондай ренжідім. Өйткені тапқан-таянғанымды мен оған тасып жүрмін ғой. Түрмеге бару үшін төрт күнге командировкаға кеттім деп туыстарымды, балаларымды алдып кетемін. Кейін білгенімде ол өзінің азаматтық некеде тұрған әйелін пышақтап өлтіріпті. Дер кезінде есімді жиып, ажырасқаныма қуандым. Әрине, алдында жасаған қадамым үшін өкінемін"
Статистикаға сәйкес, 2022 жылы Абай қаласының АХАТ бөліміне азаматтық әйелдер тарапынан Қарағанды облысы бойынша және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты 29 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандармен некені тіркеу туралы 10 өтініш берілді. Оның ішінде 7 неке тіркелген. Қазақстан бойынша азаматтық хал актілерін тіркеудің әртүрлі бөлімдеріне 20 өтініш түскен. Неке құруға ұсыныс жасайтындар көбіне әйел адамдар көрінеді.