Сенат қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заңды қабылдады

Sputnik
АСТАНА, 27 қазан – Sputnik. Сенат депутаттары қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, қаңтар оқиғасынан кейін 1600-ге жуық адам жауапқа тартылды. Осы уақытқа дейін 1 112 адамға қатысты сот үкімі шығарылды. Ал басқалардың ісі әлі тергеліп жатыр. Рақымшылық сотта да, тергеу сатысында да қолданылады.
Сенатор Ләззат Сүлейменнің айтуынша, заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді.
"Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы президенттің шешімі. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін қысқарту көзделген", - деді Сүлеймен сенаттың жалпы отырысында.
Сондай-ақ ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін жазаның жартысы қысқарады.
"Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылады. Жалпы рақымшылық 1500-дей адамды қамтиды. Негізінен олар – заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлік жасағандар. Бұл тұлғалар жазаның неғұрлым жеңіл түріне тартылуда", - деп атап өтті Сүлеймен.
Осы жолғы рақымшылықтың бірнеше ерекшелігі бар. Бұрын айыпталушы міндетті түрде келтірілген шығынды өтеуге тиіс еді. Бұл жолы келтірілген залал өтелген соң ғана рақымшылық жасалады деген талап қойылмайды. Алайда мүлік иесі материалдық шығынды сот арқылы өндіріп алуға құқылы. Сосын бұған дейін жазаны өтеу тәртiбiн қасақана бұзған сотталған адамдарға рақымшылық қолданылмайтын. Бұл жолы ондай талаптар болмайды.
Ал террористер, экстремистер, рецидивистер, адамды азаптағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен мемлекетке опасыздық жасағандар рақымшылыққа ілінбейді.
Сенаторлар заңды бірауыздан қабылдады. Құжат президенттің қол қоюна жіберіледі.