Қазақстандықтар бір күннің ішінде көпбалалы отбасыға үй алып берді

Sputnik
АСТАНА, 27 қазан – Sputnik. Ақтөбе қаласында көпбалалы отбасына жаңа үйдің кілті табысталды. Қазақстандықтар бір күннің ішінде 20 миллион теңге жинап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Диапазон" газетіне сілтеме жасап.
Үйдің отағасы былтыр қайтыс болды. Махаббат жеті баласымен қалды. Олар жаңа үйге кіруді армандап жүрді.
"Мен, төрт ұлым және үш қызым жалдамалы үйде тұрдық. Суы болған жоқ. Ал дәретханасы сыртта орналасқан. Балалар үнемі дәретханасы іште болатын үйді сұрап жүретін. Басқа үйді де жалға ала алмадық. Өйткені көпбалалы отбасыға, оның үстіне жеті баласы болса, жалдамалы үй табу қиын", - дейді Махаббат.
Оның үлкен баласы – 12 жаста, ал кенжесі – 8 айлық сәби. Жақында ол "Дәулеттен" қорынан көмек сұрады. Қордың өкілдері сәрсенбінің сәтінде келіп, бәрін видеоға түсіріп кеткен.
"Ал қасиетті жұма күні халықтың ақша жинай бастағанын білдім. Тура сол күні менің туған күнім болған", - деп еске алады көпбалалы ана.
Қазақстандықтар бір тәуліктің ішінде 20 миллион теңге жинап берді. Еріктілер ол ақшаға Ақтөбенің іргесінде орналасқан "Рауан" тұрғын үй алабынан жеке меншік үй сатып алды. Ауданы - 110 шаршы метр. Ішінде үш бөлмесі, сыртында 10 сотық жері бар.
Бұдан бөлек, көпбалалы отбасыға тұрмыстық техника мен жиһаз сатып алынды. Еріктілер осымен қазақстандықтар жинап берген ақшаға 54-ші үйді сатып алдық деп отыр.