АСТАНА, 27 қазан – Sputnik. 2023 жылы Қазақстан – Әзербайжан бағыты бойынша Каспий түбіндегі талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы басталады.
Осы жоба аймақ елдеріне баламалы интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы трафик транзитін кеңейтеді. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.
Қазақстан тарапынан жобаға "Қазақтелеком", ал Әзербайжан тарапынан "AzerTelecom" қатысады.
"Жоғары деңгейлі дизайнды әзірлеу бойынша жұмыстар қазірдің өзінде басталып кетті, содан кейін тиісті зерттеулер жүргізіледі де, кейінірек Каспий теңізінің түбіндегі "оптиканы" жобалау және тікелей құрылысы басталады", - деп жазды Бағдат Мусин.
Суасты желісінің негізгі бағыты Ақтаудан Әзербайжандағы Сиязаньға дейін созылады және 340 километрден асады. Ұзындығы 330 километрге жуық резервтік арна Қазақстанның Құрық портынан Бакуге жақын жерде орналасқан Бузовнаға дейін тартылады.
Цифрлық даму министрі жобаны жүзеге асыруға Орталық Азияның барлық елі қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Өйткені тұрғындарға интернетке кепілдендірілген қолжетімділікті қамтамасыз етуде баламалы бағыттардың болуы үлкен рөл атқарады.
Айта кету керек, Самарқанд қаласында телекоммуникация индустриясының маңызды мәселелері талқыланатын "ICT Week Uzbekistan – 2022" өтіп жатыр. Қазақстан делегациясының құрамында отандық бірқатар IT-компания бар. Олар көрмеде өз өнімдерін ұсынып, тәжірибелерімен бөлісті және саладағы жаңа жетістіктермен танысты.
Осылайша, "Қазақтелеком" басшылығы Өңірлік байланыс достастығы басшылары және ITU өкілдерімен интернет-алаяқтықтың өсуіне қарсы күрес мәселелерін талқылауға қатысты.