АЛМАТЫ, 27 қазан – Sputnik. Алматыда қоғамдық көлік ұрысы ұсталды. Қолға түсіру кезінде одан бес мобильді құрылғы тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалдық полицияның мәліметінше, 41 жастағы баукеспе қоғамдық көлікте ұрлық жасаумен айналысқан. Жақында ол 201-бағыттағы қоғамдық көлікте ұялы телефонды ұрлап, оның иесіне 380 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
"Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде біздің бөлімше қызметкерлері Әуезов аудандық ПБ әріптестерінің көмегімен 41 жастағы Х. есімді азаматты ұстады. Оны ұстау кезінде одан бес мобильді құрылғы тәркіленді. Күдікті бұған дейін де бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше рет сотталған. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді", - дейді Алматы қалалық криминалдық полиция басқармасының бастығы.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.