Талдықорғанда ауылдасын өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 26 қазан – Sputnik. Талдықорған қаласында адам өліміне қатысы бар деген күдікпен бұрын бірнеше рет сотталған ер адам ұсталды. Ол бір айдан бері іздеуде жүрген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 16 қыркүйекте Жетісу облысындағы Алдабергенов ауылында екі ер адам жанжалдасып қалған. Текетірестің арты төбелеске ұласып, 43 жастағы ер адам жерлесінің басынан ұрып, оқиға орнынан қашып кеткен. Ауыл тұрғыны ауруханада алған жарақатынан көз жұмды.
Полиция күдіктіге іздеу жариялады. Оның бұрын ауыр қылмыстар үшін сотты болғаны анықталды. Жедел іздестіру шаралары кезінде күдікті Талдықорған қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігіне (Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қылмыс үшін сегіз жылдан он екі жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.