80 жастағы қария чемпиондық атағын қорғауға дайындалып жүр – видео

Sputnik
АСТАНА, 26 қазан – Sputnik. Қарағанды облысының тұрғыны Айтжан Ысқақов пауэрлифтингтен әлем чемпионатына дайындалып жүр.
80 жастағы қария ардагерлер арасында әлем чемпионты атағын жеңіп алған. Енді, соны алдағы турнирде қорғайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Ақсақал спорт залына күнде келеді. Себебі кіл мықты қатысатын жарыста топ жару үшін аянбай тер төгу керек.
Қария кәсіпқой спортқа тым кеш келген. 45 жасында ғана мықтап қолға алыпты. Ал оған дейін тек қолы қалт еткенде тиіп-қашып жаттыққан. Алғаш рет зілтемірді әскерде көтеріпті. Содан бері ауыр атлетикаға қызығушылығы оянған.
"Әскерге барғаннан кейін әлгі солдат киімін кигізіп, жедел марш жасайды ғой, 3 шақырым. Бір шақырым жүрмей шаршап құлап қалдым. Сонда ойлап жатырмын, ой, бүйтіп еркек болғаның құрысын деп. Қоянды қамыс, еркекті намыс өлтіреді деген. Женя дейтін жүргізуші механик болды, өзі ауыр атлетикадан спорт шебері. Сол айтты, сені залда ұстаймын деп. Соның арқасында залға келіп, полкта зал болды, содан басталды ғой", - дейді чемпион.
Айтжан Ысқақов Азия чемпионатының 18 дүркін чемпионы. Қазақстан біріншілігінде 20 рет жеңіс тұғырына көтерілген. Ал әлемдік жарыста 4 мәрте топ жарыпты. 180 келі зілтемірді арқаға салып отырып-тұрып, әлемдік рекордты жаңартқан.
"Мұнда барлық мүше жұмыс істейді. Жүрегің, өкпең, аяғың, белің, көзің мен миыңа дейін жұмыс істейді. Өйткені арқаға салып көтергенде барлық мүше жұмыс істейді. Мысалы суға жүзесің ғой, тура сол сияқты", - деп атап көрсетті Ысқақов.
Ақсақал тек зілтемірдің ғана емес, домбыраның да құлағында ойнайды. Халық әндерін нақышына келтіріп орындайды. 25 жыл Теміртаудағы металлургиялық комбинатта еңбек еткен. Бүгінде ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Өзі секілді белсенді қариялардың басын қосып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүреді.