АЛМАТЫ, 26 қазан - Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданы Көкөзек ауылының тұрғындары көп жылдан бері қордаланып қалған мәселелерін айтып шағымданды.
Олардың айтуынша, 10 жылдан бері ауылда жол, электр жарығы, қоғамдық көлік жоқ. Ұрлық та тиылмай тұр. Онымен қоса, кейбір тұрғындар 5 жылдан астам уақыт баспаналарын заңдастыра алмай жүр, деп хабарлайды
Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мереке күндері екі күн электр жарығынсыз қалдық. Жарық жоқ, жылу жоқ, дала суық. Мен бұл ауылда 11 жыл тұрамын. 11 жыл бойы осы проблема. Электр мамандары келіп "Бір трансформаторға 1000-нан астам үй қосылған. Трансформатордың күші жетпейді. Қыстан биыл шыға алмайсыңдар" деп айтып кетті", - дейді Көкөзек ауылының тұрғыны Ләззат Өскенбаева.
"Біріншіден, ауыл әкімін орнынан таба алмаймыз. Екіншіден, қаланың түбінде тұрып қалаға жете алмаймыз. Таксиге телміріп, жол бойында таңғы алтыдан тұрамыз. Үшіншіден, орталық көшеде ғана жарық бар. Қалған көшелерде жарық жоқ. Ит деген өріп жүр. Төртіншіден, жол мәселесі. Жолдар жасалмаған. Ал жасалған санаулы көшелерде тротуарлар жоқ. Балалар аяғын былғаймыз деп тура асфальттің үстімен жүреді. Ал машина ағылып жатыр", - дейді ауыл тұрғыны Қарашаш Аханова.
Ауыл тұрғындары асфальт жолдарды да, трансформаторды да, тіпті электр жарығы мен цемент бағаналарды да өз қаражатына орнатқан.
"2013 жылдан бері тұрамын. Сол кезден бері әкімдік келіп, жол, жарық, су дегенді жасап көрген емес. Электр бағаналарын өзіміз сатып алып орнаттық. Әкімдік келіп жөндеп, ең болмаса тексерген емес. Қазір екі электр бағанасы екі жаққа қисайып жатыр. Электр сымдары газ құбырларының үстінде жатыр. Биыл қыстан шыға ма, шықпай ма, құдай біледі. Электр жарығынан тұйықталу болса газ құбырлары жарылады", - дейді Нұрлыбек Өжіков.
"Біздің учаскелеріміз 5 жылға жалға берілген. Одан бері қанша жыл өтті. Ауылымызда не көшенің аты жоқ, не үйдің нөмірі жоқ. Жедел жәрдем шақырсақ алыстағы трассадан барып күтіп аламыз. Құжатымызды арқалап қаншама шабылдық. Ешкім жауап бермейді", - дейді тұрғын Ізбасар Мұқамбеков.
Мәселе қалай шешіледі?
Халықтың ереуілін естіп, жедел жеткен әкімге тұрғындардың айтар базынасы көп болды. Әкім барлық мәселе біртіндеп шешіліп жатыр дегенді айтады.
"Мен де Береке ауылында тұрамын. Мен де жарықсыз отырамын. Көкөзек подстанциясы осы желтоқсанда салынады. Сол кезде жарық мәселесі түбегейлі шешіледі. Жарықтың әлсіз болып, қайта-қайта өшіп жатқаны осы маңдағы ірі кәсіпорындар мен ауылдар бір подстанциядан жарық алып отыр. Жаңа подстанция салынғанда электр жарығының мәселесі шешіледі", - дейді Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Манапұлы.
Әкімнің айтуынша, ауылдағы сыймай жатқан оқушы мәселесі жолдарды жасағаннан кейін шешіледі. Қазіргі таңда 2500-ден астам оқушы 700 орындық мектепте білім алып жатыр.
"Мектеп мәселесі шешілді. Жекеменшік жерді 25 млн-ға сатып алдық. Ол жерде 1200 оқушыға арналған мектеп салынады. Қасынан емхана тұрғызылады. Емхананың сыйымдылығы да үлкен болады. Қазір жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. Бұған дейін жер болмаған. Ал бұл нысандардың қашан тұрғызылатыныны облыстық білім және денсаулық салалары жауапты", - дейді әкім.
Тұрғындар әкімнен "Көкөзек ауылын өркендету жоспарын" талап етті. Алайда әкім жоспардың жасалып жатқанын айтты.
Ауылда ұрлық көбейді
Халықтың ереуіліне полицейлер де келді.
"Жалпы, екі рет тоналды үйім. Бір жас полиция келді. Әр нәрсені бір түртіп жазып алды. Шалқайып отырып алып, өзінің туыстарымен қарқ-қарқ күліп әңгімелесіп отыр. Мен жатын бөлмеде қан қысымым көтеріліп ауырып жатырмын. Бұл полиция ешнәрсе шешіп отырған жоқ. Төрімде отырып алып ішегі қатып күліп, өзімен-өзі мәз. Мен оны үйден қуып шықтым. Ол оқиға болғалы 3-4 жыл болды. Сол күйі ашылған жоқ", - дейді Сәуле есімді тұрғын.
"Полицияны өмірі таппайсың. Есігінде 18:30-дан істейді деп жазылып тұрады. Сосын шағымданғың да келмейді. Ешбір ұрлықтың беті ашылған емес осыған дейін", - дейді Қарашаш Аханова.
Ұрылардың құрықсыз кеткені соншалық, тіпті қорадағы малды шарбақтан лақтырып-ақ ұрлай беретін көрінеді. Халықтың наразылығына тап болған полицейлер ұялы телефондарының нөмірін таратумен болды. Ал кешкі сағат алты жарымнан ғана жұмыс орнында болу себептерін олар ауданда өтетін жиналыстарда боламыз деп түсіндірді.
"Халық саны жылдан-жылға артып барады. Ауылда 7000-нан астам тұрғын бар. Көкөзекте екі-ақ полиция бармыз, қай жағына жетеміз? Ал жалпы арыз-шағым түссе күдіктілерді іздестіреміз", - дейді учаскелік полиция аға лейтенант Қайрат Омарғалиұлы.
Көкөзектіктер биліктің берген уәдесіне сенбейтінін айтады. Өйткені, он жылда шешілмеген проблема он айда шешілмейді, дейді олар. Ауыл тұрғындары енді Қарасай ауданының әкіміне жиналып бармақ.