АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. Риддер қаласында жылу станциясының қазандықтары уақытша тоқтады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.
"Құрметті жерлестер, Риддер қаласында қолайсыз жағдай болды. Риддер ЖЭО басшылығы мазуттың сапасын бақыламай, ол сумен араласып, салдарынан жылу станциясының қазандықтары уақытша тоқтады. Шұғыл түрде менің басшылығыммен жедел штаб құрылды", - деп жазды Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазіргі кезде "Қазмырыш" ЖШС жылу станциясының жұмысын қалпына келтіру үшін өз қоймаларынан 60 тонна мазут жіберді. Бұдан бөлек, Өскемен ЖЭО қосымша арнайы машиналармен төрт сағаттың ішінде қалаға 70 тонна мазут жеткізіп береді. Ертең, қалаға тағы қосымша 6 цистерна мазут келеді.
"Бұл отын көлемі жылу станциясының 100 күндік үздіксіз жұмысына жеткілікті. Қала тұрғындарынан уайымдамауды және тыныштық сақтауды сұраймын, жағдай менің жеке бақылауымда. Жақын арада ЖЭО қазандықтарын іске қосу алгоритмі әзірленіп, қала тұрғындарына ұсынылады", - деп атап өтті облыс басшысы.
Ал облыс прокуратурасы Риддер ЖЭО басшылығына қатысты жедел тергеу бастады.
Бұған дейін қала тұрғындары ЖЭС-тың жұмысына талай рет шағымданған болатын. Себебі жылу тұрақсыз беріледі, оған қоса, ыстық су болмайды. Халық жылыту құралдарын жаппай сатып алуға кірскен.
Gismeteo мәліметіне сәйкес, қазір Риддер қаласында +1 градус, түстен кейін +2-ге көтеріледі. Ал түнде -4 градус суық болады.