Қазақстандық бітімгерлер елге оралды

Sputnik
АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. Қазақстанның Қарулы күштерінің жетінші бітімгерлік контингенті "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" миссиясына қатысуды аяқтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, қазақстандық әскерилер 6 айдың ішінде жаяу және мобильді патрульдеуге қатысып, бекеттердің жұмысын ұйымдастыруға, базаларды күзетуге және жеке құрамның күнделікті жауынгерлік даярлығына атсалысты. Бірақ әскери операцияларға барған жоқ.
"Алты ай жылдам өте шықты. Бітімгерлік дайындық орталығында тиянақты алынған білім жаңа жағдайға оңай бейімделуге және алға қойылған міндеттерді лайықты шешуге көмектесті. Әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайы да жоғары деңгейде. Олар қызмет орнында міндеттерді орындауға дайын", – дейді бітімгершілер тобының командирі Марат Әбдіраманов.
Олардың орнына сегізінші бітімгерлік контингент, яғни "Шығыс" секторындағы Үнді бітімгерлік батальоны құрамында міндеттерді орындайтын қазақстандық әскери қызметшілер аттанды.
Айта кетері, Қазақстанның әскери контингенті Үндістан Республикасы Қарулы күштерінің бітімгерлік контингенті құрамына кіреді және БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына бірлесіп қатысып жатыр. Бұл жұмыс 2018 жылдың қазан айынан басталған.