АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. Ақтөбе облысында тас жолдың бойындағы қоқыс полигонынан нәрестенің денесі табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
23 қазан күні Қарғалы ауданы полициясына Бадамша ауылы маңындағы "Рождество - Дөң" тас жолының бойында орналасқан қоқыс полигонынан шақалақтың денесі табылғаны туралы хабар түсті. Нәрестенің денесі қара полиэтилен пакеттің ішінде болған.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді.
Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 100-бабы "Анасының жаңа туған нәрестені өлтіруі" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Баланың анасын анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр.