АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. Әлеуметтік желіде жолда аударылып кеткен автотасығыштың видеосы тарады. Оған бірнеше көлік тиелген. Полиция жол апаты "Екатеринбург – Алматы" тас жолында болғанын хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, 21 қазанда 6 автокөлікті тасымалдаған Mercedes Actros жүргізушісі рөлге ие бола алмай, аударылып кеткен. Өзі жеңіл дәрежеде мас болған, сосын оқиға орнынан қашып кетуге тырысқан.
"Апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, тек көліктерге зақым келді. Материалдық залал нақтыланады", - дейді полицейлер.
33 жастағы жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша жауапқа тартылды. Оған қоса, жол апаты болған жерден қашып кету фактісі бойынша 611-баппен хаттама рәсімделді.
Айта кетері, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сондай-ақ, оқиға орнынан кетіп қалған 33 жастағы жүргізушіге айыппұл салынады.