АСТАНА, 23 қазан – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Тұңғыш президент – Елбасы туралы заңның күшін жоюға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Журналист Нартай Аралбайұлы төменгі палатаның спикерінен Тұңғыш президент – Елбасы туралы заңның күшін жою туралы сұрады. Құжат референдумнан кейін жойылады делінген.
"Сіз 29 маусым күні журналистерге берген жауабыңызда бұл заңның күші жойылады, халықтың, елдің талабы орындалады дедіңіз. Неге ұзаққа созылып кетті?", - деп сұрады журналист.
Мәжіліс спикерінің айтуынша, депутаттардың қарауында біраз маңызды құжат бар. Себебі референдум кезінде Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілген. Ал Ата заң өзгергеннен кейін заңдарды оған сәйкестендіру керек.
"Тұңғыш президент – Елбасы туралы заң да өз кезегін күтіп отыр. Ол қазір комитеттерде, жұмыс топтарында қаралады. Ақыр соңында бір шешімге келеміз деп ойлаймын", - деді Қошанов.
Оның айтуынша, референдумнан кейін президент, парламент, сайлау, прокуратура және тағы басқа конституциялық заңдарға өзгеріс енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы жаңа заң бар.