АСТАНА, 23 қазан – Sputnik. Әлеуметтік желіде Тараз қаласында төселген асфальттың видеосы тарады. Бір жолағы жолдың жиегімен, екіншісі тура ортасымен өтеді. Халық оны қисық салынған веложол деп ойлап қалған. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген әкімнің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев асфальт неге бұлай төселгенін түсіндірді.
Видеодан асфальттің тура веложолақ секілді салынғаны анық көрініп тұр. Онымен велосипед мінген адамдар жүре бастапты.
"Кирпичный" ауданы, жасап кеткен жолды қараңдар. Оп-оңай алынып жатыр", - дейді видео авторы.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев видеоның "Кирпичный" жақта түсірілгенін растады. Оның айтуынша, ол жерде газ құбыры жөнделген. Артынан асфальт төсеген.
"Ол жерді "ҚазТрансГаз Аймақтың" мамандары қазып, жерасты газ құбырын жөндеген. Осы жұмыстан кейін асфальт төсеген. Қазір хат жіберілді. Мамандар бір шешімін табады. Басқа ештеңе айта алмаймын", - деді Қалдыбаев.