Тоқаев әскери атақтар мен сыныптық шендерді тапсырды

Sputnik
АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсырды, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы қазіргі заманның қаншалықты күрделі екеніне тоқталып, ел қауіпсіздігін сақтау аса маңызды міндет екеніне назар аударды.
"Біз арқаны кеңге салмай, барлық салада темірдей тәртіпті сақтауымыз керек. Елге қатер төнсе, кез келген сәтте тойтарыс беруге дайын болуымыз қажет. Туған жердің шебін күзетіп, тұтастықты сақтау – әр азаматтың міндеті. Мұны жете түсінуге тиіспіз. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті борыш, жоғары жауапкершілік", – деді президент.
Қазақстанның Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы әскерилер мен арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін марапаттау олардың Отан қорғау жолындағы мінсіз қызметіне берілген жоғары баға деп атап өтті.
"Біз азаматтарымыздың бейбіт өмірі мен тыныштығын қорғап жүрген әрбіріңізді құрмет тұтамыз. Өршіп келе жатқан геостратегиялық шиеленіс жағдайында күштік құрылымдардың маңызы бірнеше есе артады. Армия, құқық қорғау және арнаулы органдар – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығының сенімді тірегі, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, оларды заманауи қару-жарақпен және техникамен жарақтандыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ қасиетті тәуелсіздігімізді, елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін қорғаныс әлеуетімізді дәйекті түрде нығайтып, бүкіл күштік құрылымдардың қызметін жетілдіре беретінін айтты.
Салтанатты рәсімнен кейін мемлекет басшысы жаңа атақ-шен алғандардың баршасын құттықтап, ер-азамат үшін халқына қалтқысыз қызмет етуден асқан бақыт жоқ екенін атап өтті.
"Қастерлі Отанымызды, қасиетті тәуелсіздігімізді қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Республика күні құтты болсын! Көк байрағымыз әрқашан биікте желбіресін!", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.