АСТАНА, 21 қазан – Sputnik. Жоғарғы сот шенеуніктердің ойын мекемелеріне барғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
Бұған дейін журналист Михаил Козачков телеграм-каналында Алматы облысы прокуратурасының мемлекеттік қызметшілердің казиноға барғаны туралы хатының скриншотын жариялады. Тізімде Жоғарғы соттың 7 қызметкері де бар.
Алматы облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Мақсат Әбіров Sputnik тілшісіне "аталған фактілер" бойынша казинодағы тексерістер жайлы хаттың жіберілгенін растады.
"Жоғарғы соттың жеті өкілі ойын мекемелеріне барғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Біз Алматы облысының прокуратурасына жүгініп, бұл қателікті түзетуді сұрадық. Жоғарғы соттың судьялары да, Жоғарғы сот аппаратының қызметкерлері де бұл тізімде жоқ", - деп жазды өз аккаунтында Жоғарғы сот жанындағы соттар қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Елдос Жұмақсанов.
Прокуратура тізіміне үш судья мен төрт мемлекеттік қызметші енген, деп нақтылады Жұмақсанов. Оның ішінде екі судья жұмыстан шығарылған: біреуі 2020 жылы теріс себептермен қызметтен кетті. Ал үшінші судья 2021 жылы аудандық сотқа ауыстырылды.
Жұмақсанов аталған судьяның материалдары судья этикасы жөніндегі комиссияның қарауына берілетінін атап өтті.
Жоғарғы сот өкілі сот жүйесінде істеген мемлекеттік қызметшілер туралы да айтты.
"Бір қызметкер сот жүйесінен өз қалауымен 2021 жылы кеткен болатын. Қалғандарына қатысты қызметтік тексеріс басталды", - деді Жұмақсанов.
Еске салсақ, бұған дейін желіде Алматы облысы прокуратурасы жүргізген тексерістің нәтижесі жарияланды. Онда казиноға жиі барып тұратын 300-ден астам мемлекеттік қызметші туралы айтылған. Түрлі мемлекеттік органдардың 305 қызметкері құмар ойындарға 507 млн теңге жұмсаған.