Тілеуберді Қарақалпақстанның белсенділерін қабылдауға қатысты пікір білдірді

Sputnik
АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары-сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қарақалпақстанның белсенділеріне уақытша тұруға рұқсат беру тәртібін түсіндірді , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенат отырысынан кейінгі брифингте журналистер Қарақалпақстанның белсенділеріне уақытша тұруға рұқсат беру туралы сұрады. Министрдің айтуынша, барлығы заңға сәйкес жасалады.
"Біріншіден, біз оларды Өзбекстан азаматтары ретінде қарастырамыз. Шекараны өткенде немесе келгеннен кейін құқық бұзушылық жасап жатса, заң бойынша жазаланады. Ал қайтару жағы екі елдің арасында, атап айтқанда, ішкі істер министрлігі немесе шекара қызметі арасында талқыланады", - деді Тілеуберді.
Айта кетері, биыл 1 шілдеде Нүкіс қаласында Өзбекстан конституциясына түзетулер енгізуге қарсы жаппай шерулер өтті. Халық Қарақалпақстанды тәуелсіздік алу мүмкіндігінен айыратын өзгерісті қаламайтынын жеткізді.
Оның соңы тәртіпсіздікке ұласты, полиция және қауіпсіздік күштерімен қақтығыс болып, қару қолданылған. Тәртіпсіздіктер кезінде 18 адам қаза тапты, жүздеген адам зардап шекті. Екі күнде 516 адам ұсталған.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 3 шілдеден 2 тамызға дейін Қарақалпақстанда төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағат енгізді. Бірақ 21 шілде күні төтенше жағдайды мерзімінен бұрын тоқтатты.