АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Алматы облысында Алатау тасжолында жантүршігерлік жол апаты болды. Әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видео тарады. Такси тоқтатып тұрған жас келіншекті баласымен бірге көлік қағып кеткен. Екеуі де оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Куәгерлердің айтуынша, екі адамды қаққан жүргізуші алдындағы көлікті басып озбақшы болған.
Бұл жолдың бойымен Тұздыбастау аулының оқушылары да жүреді. Ал тұрғындар такси ұстайды.
"Міне, мына жерде қоршау да жоқ. Балалар бір шақырым жаяу жүреді. Айтып жүргенімізге екі-үш жылдай болды, не автобус жүрмейді, не балаларды тасымалдамайды. Бүгін жас келіншек екі жасар қызымен бірге такси тоқтатып тұрған. Екеуін көлік қағып кетті. Артында күйеуі мен ұлы қалды", - дейді видео авторы.
Алматы облыстық полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, жол апаты бүгін сағат 09:50-де болған. Mercedes автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі Тұздыбастау ауылының маңында басып озу маневрін жасаймын деп, рөлге ие бола алмай қалған. Жол жиегінде тұрған 28 жастағы әйел мен оның қызын қағып кеткен. Екеуі де оқиға орнында көз жұмды.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізуші қамауға алынды.