Су тапшылығы 2030 жылға қарай 23,2 текше шақырым болуы мүмкін

Sputnik
АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23,2 текше шақырымды құрайды деп болжанып отыр. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр жыл сайын халықтың су тұтынуын қамтамасыз ету және экономика салаларының қажетін қанағаттандыру су тапшылығының өсуіне байланысты күрделі міндетке айналып бара жатқанын айтты.
Өзен ағынының көпжылдық динамикасы су ресурстарының азайып жатқанын көрсетіп отыр. Оған жергілікті және трансшекаралық ағындардың кемуі себеп.

"Егер 2000 жылдары орташа көпжылдық өзен ағыны 120 текше шақырым болса, қазіргі уақытта шамамен 102 текше шақырымды құрайды. 2030 жылға қарай өзен ағыны одан әрі 99,4 текше шақырымға дейін қысқарады деп болжануда. Су ресурстарының қысқаруы, халықтың, экономиканың және экологияның қажеттіліктеріне су тарту өскен жағдайда Қазақстанда су ресурстарының тапшылығы 2030 жылға қарай 23,2 текше шақырымды құрауы мүмкін", - деді Брекешев.

Айтуынша, бұған бірқатар фактор әсер етеді. Ең біріншісі – климаттың өзгеруі, су ресурстарының республика аумағы бойынша біркелкі бөлінбеуі және соған байланысты су ресурстарына түсетін жүктеме.
"Елдің шығыс аймағы су ресурстарымен барынша қамтамасыз етілген. Орталық Қазақстан ең аз қамтамасыз етілген (Нұра-Сарысу бассейні). Көршілес елдерге ең тәуелді – оңтүстік және батыс аймақтар. Болжамды су тапшылығы оңтүстік және батыс аймақтарға да көбірек әсер етеді", - деді министр.
Бұдан бөлек, ескірген инфрақұрылым және сонымен байланысты қыруар шығын, сапалы судың тапшылығы, тариф белгілеудің әлсіз тетігі, іргелес мемлекеттермен су бөлу мәселелері, білікті кадрлардың жетіспеушілігі су саласының ең өзекті проблемаларына айналып отыр.